Салтанат Тұрсынбекованың Шымкенттегі сайлау штабы қалай жұмыс істейді?

2 Қараша 2022, 21:42
1502
Бөлісу:
Салтанат Тұрсынбекованың Шымкенттегі сайлау штабы қалай жұмыс істейді?
PHOTO
Фото: автордан

ҚР Президенті болуға кандидат Салтанат Пархатқызы Тұрсынбекованың Шымкент қаласындағы штабында 14 адам жұмыс істейді, деп хабарлайды сол өңірдің BAQ.KZ тілшісі. 

Олардың көбі Салтанат Тұрсынбекованы үміткер ретінде ұсынған «Қазақ аналары — Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің мүшелері екен.

Бұл штаб Шымкент қаласындағы Қазыбек би көшесі, 19 үйдің 3-қабатында орналасқан. Қалалық штаб төрағасы Азиза Құрманбаеваның айтуынша, қалада Салтанат Тұрсынбекованың үгіт-насихат парақшаларын ілетін 65 орын белгіленіп берілген.

 Штабта 14 адам жұмыс істейді. 2 координатор, 1 заңгер, 1 бухгалтер бар. Қалғаны — еріктілер. Әкімдіктен бөлініп берілген 65 орын бар. 65 орын дегеніміз — парақшаларды жапсыруға болатын жер. Міндетті түрде футболкаларымызды киеміз.Біз парақшаларды іліп жатқанда адамдар түсіністікпен қараса дейміз. Сұрақтар болса, сол жерде жауап береміз, кандидат туралы ақпарат жеткіземіз. Кім кімге дауыс беретінін айта алмаймыз. Тек ақпарат береміз. Штаб жұмысын 20-қазанда бастады. Кеше Салтанат Пархатқызы Шымкентке келгенде тігін фабрикасына барып, кездесу өткіздік. Тұрмысы әлсіз отбасыларды қолдау орталығына бардық. Қаладағы адвокаттар алқасымен кездесті.Әр күні штабта кезекші отырады. Еріктілер жан-жаққа шығып, кездесу өткізеді, — дейді Азиза Құрманбаева.

Штабқа келіп, жұмысына қатысатын кісінің бірі — психология ғылымдарының кандидаты, белгілі психолог Гүлжан Вероцкая.

Штабтың негізгі құрылымы — «Қазақ аналары — Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің өкілдері. Мен бұл бірлестік мүшесі емеспін. Бірнеше жылдан бері Салтанат Пархатқызымен жұмыс істеймін. Зерттеулер жүргіздім. Сондықтан штаб жұмысына қатысып отырмын. Бір айтарым — Салтанат Пархатқызы күн демей, түн демей, заңға жүгініп қызмет етеді. Кез келген мәселені шешу үшін халықаралық зерттеулерге және қазақстандық тәжірибелерге жүгініп, шешім қабылдайды. Мәселен, 31 қазанда келгенінде жұмысшылармен, әйел кісілермен кездесу өткізеді. Фабрикада әйел кісілермен кездесіп, мұңын тыңдап, қажеттілігін тыңдады. Әйелдер өзін шынайы мазалайтын сұрақтарын қойды. Көбі кедейлер мен байлар арасындағы теңсіздік ұлғайып кеткенін, сондай болмасыншы, бізге де теңдей қарасыншы, деп өтініш еткендер болды. Адвокаттар, заңгерлермен кездесу өткізді, — дейді Гүлжан Вероцкая.

Штаб мүшесі Ұлбала Саудабаева осы штаб құрылғанда келіпті.

Біз талапқа сай жұмыс істейміз. 65 мекенжайға барып, парақшаларды ілеміз, жапсырамыз. Сол жерде адамдармен кездесеміз. Сұрақтарына жауап береміз,- дейді ол.

Шолпан Шоңғараева, штаб мүшесі, координатор:

Мен осы штабта кезекші боп отырамын. Келген кісілерге Салтанат Пархатқызы Тұрсынбекова туралы айтып беремін. Сұрақтарға жауап беремін,-дейді.

Өзгелердің жаңалығы