Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Салауатты сана" керуені

1 Қазан 2025, 17:00
933
Бөлісу:
 жеке мұрағат
Фото: жеке мұрағат

«...Мен Ұлттық құрылтайда қазір елге қауіп төндіріп тұрған бес кеселге тоқталдым. ...Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл – әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзін

«...ұрпақтың болашағы үшін...» Бұл сөздерді Республикалық Аналар кеңесі жүргізетін барлық жұмыстың мәні деуге болады.

Баласының табанына кірген шөңге маңдайына қадалуын тілейтін ата-ана үшін ұрпағының амандығынан артық ештеңе жоқ. Ал 5 кесел – көбіміз әлі түсіне қоймаған, елді оқ-дәрісіз, қантөгіссіз қынадай қырып, тұқымын тұз ететін ең зұлым қатерлер. Аналар кеңесінің алғашқылардың бірі болып үн қатып, «Салауатты сана» жобасын қолға алуымыз да сондықтан.

Осы жерде Аналар кеңесінің қызметінен бір мысалды айта кеткен жөн болар. Ауқымды жобаны іске асыру қолымыздан келетініне сендірген де сол сияқты жұмыстарымыз. Үстірт қарағанда қауіпсіз көрінетін темекі тектес құралдар арқылы қоғамымызға, жалпы болашағымызға орасан қауіп төніп тұрғанын түсінген аналар петиция жариялап, 20 мың адамның қолын жинап, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның қабылдануына бастамашы болған. Заңға 2024 жылы 19 сәуірде қол қойылып, вейптерді, хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сатуға және таратуға толық тыйым салынды.

Ал 5 кеселге бүкіл ел болып қарсы тұру керектігі Құрылтайда айтылуы – ұлтқа төнген қауіптің алдын алуға шақырған дабыл еді. Аналар кеңесі «Салауатты сана» жобасы аясында кеселдер неғұрлым тараған жерлерге барып, жағдайды талқылау, халыққа түсіндіру, жақсы бастамаларды тарату жұмысын бастады.

Жоба мамыр айында Маңғыстауда бастау алды. Статистикалық мәліметтер құмар ойындарының ошағы осы жақта екенін көрсетеді – ол түсінікті де, ақша көп жерде бәс тігіп ойнау етек жаяды. Сондықтан «лудоман» сөзі бұл жақтағы құқық қорғау, медицина және мол табыс көзі – мұнай, газ өндіру салаларына жақсы таныс.

Таяуда ғана Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы 16 мемлекеттік қызметші құмар ойындарға қатысқаны үшін лауазымынан айырылғаны туралы хабарлады. Ақпарат бойынша, Орал әкімдігі қызметкерлерінің бірі 2021-2025 жылдар аралығында olimpbet букмекерлік кеңсесінде өз шотына 34 миллион теңгеден астам қаражат салған. Осындай тексеру нәтижесінде 24 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылып, олардың 16-сы қызметінен босатылыпты. Олар – ақылы толыспаған жас емес, мемлекеттік қызметшілер...

Жолда келе жатып, ақпарат жинап жүретін әдетпен ұшақта қатар отырған жолаушыдан сыр тартқанмын. Ол құмар ойынының қармағына түсіп, әркімнен ақша сұрап жүрген талай адамды танитынын айтты. «Аттаған сайын кездестіруге болады, бірақ біздің адамдар оны ерекше жай деп ойламайтын сияқты», «Жалпы бәс тігіп ойнау барлық жерде бар емес пе?» дегені елдегі жалпы картинаға сәйкес еді...

Түркі дүниесінің мәдени астанасы болып жарияланған Ақтауда биыл жыл басынан бері түрлі бағыттағы іс-шаралар өткені белгілі. Әсіресе, теңіз жағасындағы алаңда ұлттық киімді ұлықтауға арналған іс-шара туралы маңғыстаулықтар мақтана айта алады. Оған арнайы келген Гиннес рекордтар кітабының өкілдері алаңға жиналғандар саны 5 мың адам болғанда рекорд жасау талабы орындалғанын жария еткен. Шындығында, келген адамдар одан әлдеқайда асып кеткенін, іс-шараға өзге өңірлерден тұрғындар арнайы келіп қатысқанын естідік. Шіркін, барлық ізгі ниетті, озық бастамаларда осындай ұйымшыл болсақ қой деген ой келді...

Біздің сапарымыз да ізгі ниетті – құмар ойындарына салынып, тәуелді болғандарға (лудомандарға) көмек қолын созу. Оларды қоғамға қайтару. Өйткені, зерттеулер бұл кеселге шалдығатындардың басым көбі тепсе темір үзетін, екі-үш мүшел жастағы азаматтар екенін айтады. Және, ең жаманы, уақыт өткен сайын бұл жас мөлшері төмендеп бара жатыр. Жандос Ақтаев басқаратын «Esbol Qory» («Есірткісіз болашақ») жасаған талдамада мұның себебі де атап көрсетілген. Ол – құмар ойындарын жұртшылықтың интернет арқылы ойнау мүмкіндігі, смартфондар мен компьютер арқылы ойнауға қолжетімділік.

Бірер жыл бұрын елдегі ойынқұмарлар саны 350 мың деген ақпарат тарады (қазір 400 мың деген көрсеткіш те айтылады). «KPMG Caucasus and Central Asia» мекемесінің сарапшысы Қанат Оспанов та осы деректі келтіріп, «... жыл сайын төрт мыңға жуық адам осы тәуелділікке байланысты өз-өзіне қол жұмсайды, ал елдегі ажырасулардың 40%-ы сол себепті болады» дегені есімізде. Ал жұртшылық ажырасу себебін іздеп, біреулер әйелді, біреулер еркекті, біреулер ата-аналарды кіналап, дауласып жатты. Екі адамның бір-біріне деген сезімі мен сенімін жоятын, отбасының алдындағы абыройдан айыратын, зорлық-зомбылыққа апаратын басты себеп тәуелділіктер екенін қоғам іштей білсе де, мойындағысы келмейді.

Осы жобаны іске асыру барысында аталған көрсеткіш шынайы жағдайға сәйкес емес-ау деген ой келген. Бұл ойымыздың негізсіз еместігін Денсаулық сақтау министрлігі лудомандардың ауруын мойындап, емделуге келетіндері аз екендігі туралы ақпараты растай түсті. Және олар өздері тұратын жерде емес, басқа қалалардағы емдеу мекемелеріне жасырын түрде барып, емделгенді жөн көреді екен. Бұған дәлелдер мен мысалдар да алдымыздан шықты.

Мақсатымыз тәуелді болғандарға қажетті көмек көрсету болғандықтан, сол санаттағы адамдармен жұмыс істейтін тәжірибелі мамандарды Ақтауға шақырттық. Ішінде лудомания мәселесін ғылыми негізде зерделеп, елде тұңғыш рет кешенді талдамалық есеп жасаған «Esbol Qory» корпоративтік қорының атқарушы директоры Жандос Ақтаев; тәуелділікке түскен науқастармен жұмыс істеп жүрген тәжірибелі отбасылық психолог-психотерапевт Серіккүл Сали; нейролингвистикалық бағдарламалау бойынша маман, халықаралық сертификаты бар коуч-тренер, психолог Мирзада Сейтқали, тағы басқа білікті мамандар бар.

Ақтауға сапары туралы инстаграм-парақшасына жазған С.Салиге осы жақтағы емделушілер дереу хабарласып, біреулері кеңес сұраса, біразы өзінің емделетіні туралы айтып қоймауды өтінген. Қуанарлығы – бірқатар клиенті қатарға қосылып, қалыпты өмір сүріп жатқандарын хабарлап, рахмет айтқан. Ал бұлардай жасырын емделушілердің жоғарыда айтылған көрсеткішке кірмейтіні түсінікті. Ойынқұмарлар саны нақты жағдайға сәйкес келмейтініне күмән келтіргеніміз сондықтан.

Біз үш топқа бөлініп, облыстық аналар кеңесінің өңір басшылығымен бірлесе ұйымдастырған «Салауатты сана керуені» құрамында жолға шықтық. Мақсат – Өзен қаласындағы, Жетібай кенті мен «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясындағы мұнайшылармен кездесу. Бұл топтарды облыс әкімінің орынбасары, қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары бастап жүруі, жиындарда модераторлық етуі – Аналар кеңесінің бастамасын қолдауы ғана емес, жергілікті биліктің осы кеселмен күресуге мүдделілігін көрсетеді.

«Ханның айтқанын қара да айтады, бірақ аузы уәлі емес» деген сөз баршаға таныс. Мына мәселеде де соған ұқсас жай бар: әке-шеше, дос-жаранның айтқаны бір бөлек, сырттан келген құзыретті маман айтқан сөздің жөні, әсері бір бөлек. Аналар кеңесінен келгендер: төрағамыз Нәзипа Шанаи, орынбасарлары Баян Ахатай, Ботагөз Ақтаева үшеуміз халыққа лудоманиядан төнген қауіпті мысалдар келтіре отырып, түсіндіруге тырыстық.

Әрине, жиналған жұрттың «лудомания» дегеннің қарапайым тілмен айтқанда – құмар ойынына (бәс тігіп ойнайтын ойындарға) тәуелділік екенін білмеуі мүмкін емес. Кездесуде көздерін жерден көтере алмағандар ғана емес, әңгіме өзіне қатысты еместей, терезеге қарап отырғандар да біліп отырғаны анық еді. Бірақ, мәселе соны мойындауға, яғни, нәпсісін тыюға жігерлерінің жетпеуінде ғой.

Соның бір мысалын біз барған компанияда естідік. Құмар ойынына салынғаны сонша, кейбір әкелер тапқан табыстарын карта ойнауға салып жібереді екен. Сондықтан күйеулері осы компанияда істейтін біраз аналар (саны айтарлықтай көп) ажырасуға немесе соттың шешімімен алимент кестіруге мәжбүр. Өйткені бүкіл әлемде сияқты Қазақстанда да заң бойынша баланы тәрбиелеуге, оны қаржылай және материалдық қамтамасыз етуге ата-анасы бірдей міндетті. Ал әкесі ойыннан басқаны ойламаса заңға жүгінбей қайтеді? Екінші жағынан мұндай шешімдер еліміздегі алимент төлеушілер санын көбейтіп, отбасы институты құлдырап бара жатыр деген тұжырым жасалуына негіз болады.

Осы атпалдай азаматтарды өз тілегін тізгіндей алмауға жеткізетін қандай күш? Ойынқұмарлық. Карта ойнау. Бәс тігу. Лудомания. Ол – кенеттен келген кесел емес. Қазіргі ересектер бала кездерінде үйдегі үлкендердің карта ойнағанын көріп өсті. Ол кезде ата-аналар ойындарынан от шығатынын ойламаған болар. Бірақ, қазіргі шындық сол – бір кездегі «ермек» өршіп кетіп, ұрпақ үшін кеселге айналды. Себебі, лудомания – кейбіреулер айтатындай жай ғана әуестік емес, мидағы ауытқу, психиатриялық диагноз.

Иә, солай, құмар ойынына шалыну – ми жұмысының бұзылуы, қызу ойын кезінде бөлінетін адреналин, дофамин, серотонин, эндорфин сияқты «қуаныш гормондарын» үсті-үстіне қажет ету. Ойынқұмар адам ұтудан алатын ләззаты үшін алдау, арбаудан тайынбайды, қылмысқа да барады. Ар-ұят деген ұғымды мүлде ұмытады. Себебі ол үшін ең маңыздысы – сол гормондар тудыратын қуанышты қайта-қайта сезіну.

Бұл аурудан ойынқұмардың өзі де, айналасы да мойындап, табанды түрде емделген кезде ғана арылуға болады. Бірақ ең дұрысы – ол кеселге шалдықпауға ұмтылу. Сондықтан ата-аналар алдында үлкен міндет тұр, ол – жас ұрпақты бұл аурудан сақтау міндеті. Кішкентайынан қолынан телефон түспей, түрлі ойындарды ойнап өскен, соның ішінде онлайн бәс тігіп үйренген балалар – ақша табатын жасқа жеткенде лудоманияның қақпанына түсетіні анық. «Білмей қалдық» демеулері үшін осы бағытта айтылатын әңгіме, берілетін ақпарат мол болуы керек.

Аналар кеңесінің Ақтаудағы кеңейтілген отырысында бұл тақырып жан-жақты талқыланды. Бұл форумның бұған дейінгі жиындардан ерекшелігі – оның халықаралық деңгейде өтуі. Форум жұмысына Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінде отбасы, ана мен баланы қорғау мәселелерімен айналысатын мемлекеттік, қоғамдық және ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері қатысты. Бір қуанарлығы – қонақтардың Қазақстанда атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндамаларды тамсана тыңдап, жоғары бағалағаны. Бауырлас елдердің қайраткер аналары шын пейілдерімен сүйсініп, ана мен баланы қорғау мәселесінде Қазақстаннан үйренеріміз көп десті.

Жиын тізгінін облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай мырза өзі ұстап, белгілі бір жайларға заң тұрғысынан немесе өмірлік жағдайлар бойынша түсініктеме беріп отыруы өңірдегі ахуалды жақсы білетінін аңғартты. Қорытынды сөзінде Аналар кеңесі мүшелерінің ерікті түрде атқарып жүрген жұмыстарына алғыс айта келіп, біздің бастамамызды қолдайтынын жария етті. Енді өңір әкімінің тапсырмасымен Маңғыстау облысында 5 кеселге қарсы жұмыс істейтін «Салауатты сана керуені» жасақталатын болды.

Аналардың жүрегінде маңғыстаулықтардың бұл бастамасын басқа өңірлер іліп әкетсе, ұрпағымызды құрдымға кетіретін кеселдерден сақтап қаламыз деген үміт ұялады.

 

Камал ӘЛПЕЙІСОВА, жазушы,

республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары

Өзгелердің жаңалығы