«Саламатты Қазақстан» пойызы Ұлытау облысындағы жұмысын аяқтады

1 Қараша 2022, 19:09
1477
Бөлісу:
«Саламатты Қазақстан» пойызы Ұлытау облысындағы жұмысын аяқтады

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Ұлытау облысындағы жұмысын аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

30 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Терісаққан, 2-3 қазан аралығында Шұбаркөл, 16-17 қазан – Жаңаарқа, 18-19 қазан – Қаражал, 22-23 қазан – Мыңадыр, 24-25 қазан – Жомарт, 26-27 қазан – Қызылжар, 28-29 қазан – Қарсақпай және 30-31 қазан Байқоңыр станцияларының тұрғындары тегін медициналық көмек алды.

Медициналық пойыз дәрігерлерінің Ұлытау облысында жүргізген жұмысының қорытындысы белгілі болды. Өңір бойынша дәрігерлер 3777 адамды қабылдап, кеңес беріп үлгерді. Олардың 705-і – бала. Бұл ретте емделушілердің келуі бойынша бірінші орында – құлақ және мұрын дәрігері мен невропатолог, екінші орында – хирург,  үшінші орында – көз дәрігері.

«Саламатты Қазақстан» пойызы Ұлытау облысындағы жұмысын аяқтады

Сондай-ақ шалғай станциялардың тұрғындарына 1590 ЭКГ жасалып, 693 ФЛГ, 2217 УДЗ емшаралары жүргізілді.

Біздің пойыздың соңғы аялдамасы Ұлытау облысы болды. Басқа өңірлердегідей мұнда да келушілер аз болған жоқ. Қарсақпай бекетінің 40 жасар тұрғыны кеуде тұсының оң жағының ауруына шағымданды. Науқасқа кеңес беру кезінде бір күн бұрын баспалдақтан құлағаны анықталды. Бірден флюорография аппаратына түсіріп, нәтижесінде оң жақтағы төрт қабырғаның жабық сынуын анықтады. Пойыз мамандары науқасқа тұрғылықты жері бойынша травматологке барып қаралуды, әрі дереу рентгенге түсу бойынша кеңес берді. Сондай-ақ Ұлытау облысының тұрғындарының арасында ең жиі кездесетін ауру түрлеріне созылмалы пиелонефрит, өт-тас ауруы, артериялық гипертензия, артрит, артроз, созылмалы гастрит, конъюнктивит дерттерін жатқызуға болады, – дейді «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының жетекшісі Аман Қасенов.

Облыс тұрғындары да медициналық пойыздың қызметіне көңілдері толатынын жеткізді. 

«Денсаулығымды тексерту үшін арнайы медициналық пойызға келдім. Дәрігерлер барын салып, тұрғындарды тексеріп жатыр. Ақ халаттылар кеңестерімен бөлісіп, рецепті де жазып берді. Біздің ауылда дәрігерлер бар, бірақ мұндағы мамандармен салыстыруға келмейді. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – деген Жаңаарқа станциясының тұрғыны Нұрсұлу Асанбаева әрбір емделушіге ерекше ықылас білдіріп, ем көрсеткен пойыз мамандарына шын жүректен алғысын білдірді.

Медициналық пойызға тексерілуге барлық жастағы ауыл тұрғындары келеді. Көбіне шалғай ауылда жоқ дәрігерлердің қабылдауына асығады.

Мен гинеколог маманның қабылдауына келдім. Одан бөлік тіс дәрігеріне де қаралдым. Стоматолог өте жақсы емдейді екен. Ауыл-ауылды аралап, тұрғындарға тегін көмек көрсетіп жүргендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Келесі жылы да біздің бекетке жолдарыңыз түседі деп ойлаймын, - деген тілегін білдірді Жомарт станциясының тұрғыны Гүләйім Қажымұратқызы. 

Жалпы «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы еліміздің 67 шалғай станциясын аралап, Қазақстанның 8 облысында қызмет етті. 

«Саламатты Қазақстан» – «Медициналық пойыздар» қайырымдылық жобасының бір бөлігі. Жобаның басты мақсаты – сапалы медициналық қызметке жүгінуге мүмкіндігі жоқ еліміздің шалғай станциялары мен жақын жердегі ауылдардың тұрғындарын тегін медициналық тексеру.

Естеріңізге сала кетейік, екінші медициналық пойыз «Жәрдем» 5 қарашаға дейін Жамбыл облысының тұрғындарын қабылдайды. 

Өзгелердің жаңалығы