Мұнда өңірдің 9 шалғай ауылының тұрғындары жоғары білікті мамандардан кеңес алады, деп хабарлады BAQ.KZ.
Мұнда өңірдің 9 шалғай ауылының тұрғындары жоғары білікті мамандардан кеңес алады.
«Саламатты Қазақстан» пойызы бірінші Қостанай облысы аумағындағы Сарыкөл станциясына тоқтайды. Медицина қызметкерлерін 13-14 қыркүйекте – Жаркөлде, 15-17 қыркүйекте – Тоғызақта, 18-19 қыркүйекте – Зааятта, 20-21 қыркүйекте – Қазанбасыда, 22-23 қыркүйекте – Қойбағарда, 24-25 қыркүйекте – Ковыльнаяда, 26-27 қыркүйекте Тасты-Талдыда және 24-25 қыркүйекте Фурмановскийда күтеді.
Медициналық пойыздың дәрігерлері Солтүстік Қазақстан облысындағы жұмысын қорытындылады. Мұнда алғашқы медициналық және консультациялық көмекті 3108 адам алды, олардың ішінде 402-сі бала.
Дәрігерлердің айтуынша, СҚО тұрғындарында көбіне ұйқы безінің кистасы, пульпа және периапикальді тіндердің аурулары, бүйрек және несепағар тастары, созылмалы обструктивті пиелонефрит, тұзды диатез аурулары анықталды. Статистикаға сәйкес, «Саламатты Қазақстан» пойызының ең сұранысқа ие мамандары: хирург, құлақ, мұрын, көз және тіс дәрігері.
Пойыздың құрамында жеті мамандандырылған вагон бар, олардың төртеуі – жабдықталған медициналық кабинет. Ол ультрадыбыстық кабинет, зертхана, стоматологиялық жабдықтар және тағы басқаларымен қамтылған. Екі ұйықтайтын вагон, бір мейрамхана және тағы біреуі пойызды үздіксіз энергиямен қамтамасыз ететін техникалық вагон бар.
«Саламатты Қазақстан» пойызы СҚО-дан бөлек, Ақмола облысының станцияларына да қызмет көрсетті. Алайда бұл аймақта жұмыс әлі аяқталған жоқ, дәрігерлер ол өңірге 4-9 қазан аралығында оралып, тағы 3 станцияның тұрғындарын тексереді.
Айта кетейік, «Саламатты Қазақстан» «Жәрдем» пойызымен бірге медициналық қызметке мұқтаж шалғай станциялардың тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық және консультативті-диагностикалық көмек көрсетеді. «Жәрдем» медициналық пойызы Түркістан облысының тұрғындарын қабылдап жатыр.