Мешітте намаз оқитын ағайын арасында құндылықтар қайшылығы бар. Дінтанушы Кеңшілік Тышқан елдің мүдделеріне қарсы топтар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақта "Өспейтін жігіт, өнбейтін дау қуады" дегендей ісімізден сөзіміз көп болып кетті. Алайда бұл қоғамдағы кейбір мәселеге қатысты пікіріміз жоқ дегенді білдірмейді. Дер кезінде пікір білдірмесем де қайта-қайта ойыма оралған бір мәселе мешіттегі жігіттердің түсініспей қалуы, бір-біріне қол жұмсауы болды. Былай қарағанда жеке төзімсіздік сияқты көрінгенімен астарында үлкен мән бар. Алдымен бұл "құндылықтар қайшылығы". Салафилік көзқарасты өзіне құндылық ретінде ұстанғандар "Соқыр көргенінен жазбайдының" кебін киіп, алған бетінен қайтпайды. Олар үшін рухани бірегейлік, мұсылманшылық ізгілік, ауызбіршілік, елдік мүддеден гөрі бір рет айғайлап айтқан "әмин" сөзі қымбат. Сол арқылы барлық дәстүрлі дінге, ұлттық салт-дәстүрге, елдік мүддеге қарсылығын білдіріп тұрғандай. Тіпті, мешітте сырттай "Ханафи" болып намаз оқып жүрген бұрынғы салафиттердің үйде намазды қалай оқитындығын ешкім саралап жатқан жоқ, - дейді дінтанушы.
Дінтанушының айтуынша, қазақтар арасында басқа діни ағымдар таралып, діни сенім жоғалып барады.
Мешіт жамағатының діни сенім тұтастығы жоғалып барады. Кім не десе де енді жалпы қазақтың басын былай қойғанда, мұсылман қазақтың басы бір қазанға сыймайды. Себебі, ағымдар орнығып, таралып үлгерді. Енді тек таралу (автор - ақырын немесе жылдам) үрдісі жүре береді. Ал жамағаттар таралған сайын намазда талас, имамдықта талас, дінде талас толастамайды. Түбі кім жеңері белгісіз, бірақ бөлінушіліктен құтыла алмаймыз. Бұған басты себеп - дүмшелік, руханияттың, діни білімнің жайына қалуы. Пайғамбардың "Рызықтың оннан тоғызы кәсіпте" деген хадис басшылыққа алған "уахаби-салафиттар" сауда-саттықтың айналасына шоғырланған. Бір-бірін қолдап, байлап, бақылап өсіп-өніп келеді. Олардың теріс ағым болуында ешкімнің шаруасы жоқ сауда жасап кәсіптерін дөңгелетуге бәріміз атсалысып жатырмыз. Кімге өкпелейміз?!, - деді Кеңшілік Тышқан.
Ол зайырлы мемлекетіміз адас қылған топтың алдында қауқарсыз екенін айтады.
Зайырлылық пен діни әралуандықты құндылық саналған елімізде сен тимесең мен тимен бадырақ көз деген ұстаным басым. Діни бірегей идеология, талап, ағымдардың жақтастарын жұмсақ немесе қатал тәртіппен жолға салу тетіктерін толық қалыптастыра алмадық. «Былай тартсақ өгіз өледі, былай тартсақ арба сынадының» кебінен көз алдымызда дінді жаманатты еткен, елдігіңді мансұқтап, ата-бабаңды адасқан қылған топтардың алдында ел болып қауқарсыздық танытып отырмыз. Бұған төзімі жетпегендер тәңіршілдіктің сойылын соғып кетті. Ендігі жерде діни бірегейлікті былай қойғанда ұлттық бірегейлікке сызат түсіре бастады. Көпшіліктің пікірін, сенімін, амбицияларын өз еріктеріне қалдыру кейде үлкен зиянға жетелеуі мүмкін, - дейді ол.
Кеңшілік Тышқан сала мамандары бұл жағдайды реттеуге тырысып жатқанын атап өтті.
Сала мамандары барын салып жағдайды реттеуге, адасқандарды жолға салуға тырысып жүр. Амал нешік кейде заңымыз біздің емес, солардың жағына шығып кетеді. Бекерді мемлекетті кәпір, заңды ширк дейтіндер барып сөйлесе қалайын десең "Қандай құқың бар?" деп телефонын ала жүгіргенде қауқарсыз болып қаласың! Бірігіп ел болайық, ауызбіршілікті мұсылман болайық, бір имамның артында тұрып, бірдей құлшылық қылайық деген жанашырлықты өзің сезінгенің болмаса сезіндіре алмайсың! Әр саланың "бір кем дүниесі" бар, - дейді ол.