Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» ТА-дағы тікелей эфир кезінде қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және таулы бағыттарды абаттандыру шаралары туралы айтты.
Әкімнің айтуынша, өткен жылы пандемияға қарамастан Алматыға 163 мың шетелдік қонақ келген. Қала тұрғындары мен қонақтары арасында ең танымал демалыс түрі – тауда серуендеу. Пандемия кезінде таулы аймақтарға бару төрт есе өсіпті.
Қала тұрғындары мен қонақтарының уақыттарын қауіпсіз әрі жайлы уақыт өткізуі үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Мәселен, адамдар көп жиналатын демалыс орындарының инфрақұрылымы ретке келтірілуде: таулар мен ұлттық саябақтарда. 1 мың шақырым таудың жаяу соқпақтары цифрландырылып, 500 шақырымы абаттандырылды,-дейді Б. Сағынтаев.
Оның айтуынша, Шымбұлақта, Медеуде визит-орталықтар ашылған. Сондай-ақ Аюсай шатқалында және «Горельник» термалды көзінің жанында да осындай орталықтар жұмыс істей бастаған. Медеуде, Республика алаңында, Халықаралық әуежайда және Республика сарайының жанында туристік полицияның 4 пункті ашылды.
Туристердің қауіпсіздігі үшін ұялы байланыстың аймақтары кеңейтіледі. Бұдан өзге, Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарында 2 бақылау-құтқару пункті, Тұйық су қыратында тікұшақ алаңы, таулы бағыттардың шеткі тораптық учаскелерінде туристер паналайтын 15 лашық салынады. Сондай-ақ, құтқару топтарына сигнал беру үшін дабылды бастырмалары бар 10 радиорелейлі бағана орнатылады,-деді қала әкімі.