Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала әкімі Бақтыжан Сағынтаевтың төрағалығымен және Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың қатысуымен өткен алқалы жиында мегаполистің COVID-19-ға қарсы іс-қимылдың жүйелі мәселелері бойынша отырыс өтті.
Бұл туралы Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев КВИ пандемиясымен күрес аясында қаланың денсаулық сақтау жүйесін күшейту бойынша шаралар қабылданғанын атап өтті.
Жаңғыртудың үш жылдық жоспарына сәйкес медициналық жабдықтарды жаңарту, инфекциялық стационарларға медициналық газ орнату, сарқынды суды зарарсыздандыру мен медициналық қалдықтарды кәдеге жарату сынды кешенді жұмыстар жүргізілуде, - деді ол.
Сондай-ақ шаһар басшысы өткен жылы КВИ бар науқастарды анықтау және оларды ауруханаға жатқызу бойынша алгоритмнің әзірленіп, енгізілгенін, АМСК және амбулаториялық емдеуде асимптоматикалық науқастарды бақылау бойынша телемедицина орталығының жұмысы құрылғанын атап өтті.
Инфекциялық төсек-орындардың қажетті резерві құрылды. Дәріхана желісі мен ковидтік госпитальдар үшін дәрілік тұрақтандыру қоры жұмыс істейді, - деді Сағынтаев.
Сағынтаевтың айтуынша, қабылданып жатқан шаралар жағдайды басқаруға, қаланың денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеменің шамадан тыс болуына жол бермеуге және стационарларға жүктемені эшелондау қағидаты бойынша бөлуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау мақсатында МСАК жұмысын күшейту, ана мен баланы қорғау, онкологиялық аурулар мен қан айналымы жүйесі аурулары кесірінен болатын өлім-жітімді азайту бойынша шаралар қабылдануда, - деді әкім.
Сонымен қатар қала әкімінің тапсырмасы бойынша көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру және медицина қызметкерлерінің кадр тапшылығын шешу бойынша Жол картасы әзірленген.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров резервтік төсек-орындарды ковидтерге жоспарлы түрде ауыстыру алгоритмі құрылғанын айтты.
Қуаттылығы 7011 төсекті құрайтын 28 ковидтік клиника және 250 реанимациялық клиника дайындалды. Бүгінде 5000 инфекциялық және 220 реанимациялық төсек-орын жұмыс істеуде. РВ-90 қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы пайдалануға берілді. Жалпы қуаты 1080 орынды екі жаңа модульдік клиника салынды. Мұндай төсек-орын қоры тәулігіне 500-ге дейін науқасты ауруханаға жатқызуды көздейді. Қаланың барлық медициналық ұйымында үй-жайларды аймақтарға бөлу жүргізілді. Бұл ауруханаішілік инфекцияны болдырмайды, - деді ол.
Пандемиямен күрестің маңызды құрамдас бөлігі шұғыл көмекті қажет етпейтін қала тұрғындарына қашықтан кеңес беру арқылы көмек көрсету үшін құрылған телемедицина орталығының жұмысын айтуға болады.
Бүгінде симптомсыз және жеңіл КВИ ағымы бар 2,5 мыңға жуық адам операторларға тәулік бойы кеңес берумен және медициналық қолдаумен қамтылған. Пациенттерді амбулаториялық бақылау бойынша қалалық емханалардың мобильді бригадаларының жұмысы жолға қойылды. Қала бойынша 768 топ жұмылдырылды. Кадрлық резерв қалыптасты. Жұқпалы аурулар стационарларында 2000-ға жуық медицина қызметкері жұмыс істейді. Резервте – 2758 медицина қызметкері бар.
Алматыда клиникаларды медициналық оттегімен қамтамасыз етудің жалпықалалық бағдарламасы қабылданды. Мақсаты - қаланың 16 емханасын оттегімен 100% жабдықтау. 2020 жылы 6 клиника оттегімен толық жабдықталса, биыл тағы 10 клиникада оттегі стансалары болады.