Сағила Нұрланова: Бүгінгі құжат – ертеңгі тарих

26 Қараша 2021, 12:13
1844
Бөлісу:
Сағила Нұрланова: Бүгінгі құжат – ертеңгі тарих
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда алғаш рет архив саласындағы реставрацияны дамытуға бағытталған семинар өтті. 

«Қазақстандағы жазба мұралардың реставрациясы және сақтау мәселелері» республикалық ғылыми-тәжірибелік семинары реставратор, қор сақтаушы және қорды сандық форматқа көшіруші мамандардың біліктілігін арттыруға және жаңа технологияларды меңгеруге бағытталған. 

Мәдениет және спорт министрлігінің «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» РММ директоры Жандос Болдықовтың айтуынша, елімізде реставрация саласында шешімін таппаған сұрақтар бар. 

Реставрация бойынша елімізде, жалпы ТМД елдерінде шешілмеген мәселе көп. Сол себепті біз көптеген халықаралық ұйымдардың тәжірибесіне сүйене отыра, Орталық Азия бойынша ауқымды шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейімен» меморандум аясында Абай Құнанбайұлының 1909 жылы шыққан өлеңдер жинағына реставрация жасадық, - деп мәлімдеді орталық директоры. 

Сағила Нұрланова: Бүгінгі құжат – ертеңгі тарих

Шара барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова архивтік құжаттары сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті. 

Архив ісі бойынша «Архив-2025», «Мәдени мұра» сияқты бағдарламалар аясында архивистермен көптеген жұмыс жүргізілді. Өткенін білмеген ел ертеңіне сеніммен қарай алмайды. Бүгінгі құжат – ертеңгі тарих. Архивтік құжаттар - тарихымыздың сарқылмас қоры. Сондықтан осы қорды толықтыра алмасақ, келесі буынның алдында сынға қаламыз. Шетелден жәдігерлерді, қолжазбаларды алып келіп отырмыз, соларды өңдеу, реставрациядан өткізу, келер ұрпаққа аманаттап жеткізу – біздің міндетіміз, - деді ол. 

Көне мұраны қалпына келтіруші-реставраторларға арналған семинарға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, еліміздің архив саласының білікті мамандары, архивистер, кітапхана мен музей мамандары қатысты.

Өзгелердің жаңалығы