Елорданың Триатлон саябағында «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері арасында Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған жарыс өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Елордалық жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілі Әлібек Жүсіпов «Жас сарбаз – патриот ордасы» жобасы аясында Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армияның тұңғыш генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған кезекті іс-шара ұйымдастырылғанын айтты.
Бәсекеге 150 ұл мен қыз қатысты.
«Жас Сарбаз» қозғалысына бір жылға жуық уақыттан бері мүшемін. Осы уақыт ішінде көптеген жаңа дос таптым. Барлық кездесулер мен іс-шараларға қатыса алмаймын, бірақ спорттық іс-шараларды ешқашан жіберген емеспін. Бүгінгі жарысқа қуана қатысамын, өйткені сынға түсіп, спортта өз мүмкіндіктерімді сынағанды ұнатамын. Достарыммен бәс жасадым, енді жарыстың басталуын асыға күтемін», – деп бөлісті қатысушылардың бірі Мадина Әмірғали.
Жарыс екі қашықтықта өтті: ұлдар үшін – 6 шақырым, қыздар үшін – 3 км. Мәреге жеткен алғашқы 6 адамға төсбелгі, алғыс хат және «Жас Сарбаз» қозғалысының символикасы бар заттар берілді.