Садақшылар Олимпиада ойынын бірінші болып бастайды

25 Шілде 2024, 14:46
433
Бөлісу:
Садақшылар Олимпиада ойынын бірінші болып бастайды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындарында еліміздің атынан алғаш болып жарыс жолына садақ ату спортының шеберлері шығады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ильфат Абдуллин, Дәуеткелді Жаңбырбай және Александр Еременко жекелей сында іріктеу кезеңінде бақ сынайды.

Сондай-ақ, үстел теннисінен ұлттық құраманың көшбасшысы Кирилл Герасименко Париж Олимпиадасындағы бірінші ойында чилилік атлет Николас Бургоспен сынға түседі. Спорттың бұл түрінен жарыс 27 шілдеде басталады. Ал 1/32 кезеңіндегі Кирилл Герасименконың алғашқы қарсыласы ITTF әлемдік рейтингінде қазір 58-орында тұр. Барлығы ерлер арасында медаль үшін 67 спортшы сынға түседі.

Естеріңізге сала кетейік, Кирилл Герасименко Азиядағы спортшылар арасында ең жоғары орынды иеленіп, құрлық рейтингі арқылы лицензия жеңіп алған. Отандасымыз осыған дейін Рио-2016 және Токио-2020 Олимпиадасына қатысқан.

Ал бадминтоннан Дмитрий Панарин Париж Олимпиадасының іріктеуінде D тобына түсті. Отандасымыз әуелі 28 шілдеде жапон спортшысы Кента Нисимотомен ойнайды. Матч Астана уақытымен 11:30-да басталады. 

Одан кейінгі Панариннің қарсыласы – канадалық бадминтоншы Брайан Янг. Дмитрий спорттың бұл түрінен барлық санаттағы олимпия ойындарында сынға түскен тұңғыш қазақстанды. Ол осыған дейін 2018 жылы Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер Олимпиадасында сынға түскен. 

Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі Kazakhstan International (2018 жылы), Cyprus International (2021 жылы) турнирінің жеңімпазы.

Өзгелердің жаңалығы