Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Садақадан сән-салтанатқа". Прокурор Перизат Қайраттың әрекетін айыптады

Олжас АДАЙ
22 Шілде 2025, 11:34
915
Бөлісу:
 01pk/ Instagram
VIDEO
Фото: 01pk/ Instagram

Астанада Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша жарыссөз басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекеттік айыптаушы Мадина Оразалина соттағы жарыссөз кезінде айыптау тарапының ұстанымын таныстырып, екі айыпталушының кінәсі дәлелденгенін айтты.

Оның сөзінше, 2021 жылдан 2024 жылға дейін "BizBirgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігінің қызметін бүркемелеп, Перизат Қайрат анасы Ғайни Алашбаевамен бірлесіп, шамамен 3,5 миллиард теңге көлеміндегі қаражатты жинап, оны иемденіп алған.

Шынайы қайырымдылық пен өзгенің қайғысын саудаға салу арасында айқын шекара болуы керек. Садақа – мансапқа жетудің құралы емес. Егер біреу қазақ халқының мейірімін пайдаланып, ізгілік маскасын тағып, пайда табуға тырысса, ол қошемет емес, сотпен беттеседі. Бұл процесс сабақ болсын. Бұл – белгі. Халықтың сенімі – әмиян да, бренд те емес. Ол – аманат. Ал аманатқа қиянат жасаған адам міндетті түрде әшкере болады. Біздің тарихта көмектесуді үнсіз, картасыз жасайтын шынайы меценаттар бар, – деді прокурор Мадина Оразалина.

Прокурордың мәлімдеуінше, жиналған қаражаттың басым бөлігі жалған желеумен – оңалту орталығына қолдау көрсету, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек және тіпті Палестина халқына гуманитарлық көмек көрсету үшін жиналған. Алайда тергеу бұл ақшаның көп бөлігі айыпталушылардың жеке қажетіне жұмсалғанын анықтаған.

Қаражат элиталық көліктерге, пәтерлерге, саяжайларға, қымбат киім мен аксессуарларға, бес жұлдызды қонақүйлерде демалуға жұмсалған, – дейді прокурор.

Оразалинаның айтуынша, Перизат Қайрат пен оның анасы бірнеше бап бойынша айыпталып отыр:

Алаяқтық бойынша үш эпизод – ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы;
Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру бойынша екі эпизод – ҚР ҚК 218-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы және 3-бөлігінің 3-тармағы.

Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.

Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген.

Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.

Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.

Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды.

Asar-Ume Перизат Қайраттың қорына 200 млн теңге аударған, бірақ есебін алмаған.

Бұған дейінгі сот отырыстарында зардап шеккендердің қатарында қайырымдылық қорларының өкілдері, кәсіпкерлер, педагогтер мен жұмыссыз азаматтар бар екені белгілі болды. Тергеу мәліметінше, "BizBirgemiz Qazaqstan 2030" қорына азаматтар өз еркімен 30 мыңнан 200 миллион теңгеге дейін қаражат аударған. Олардың ішінде Kaspi Bank тарапынан аударылған 620 миллион теңге де бар.

Өзгелердің жаңалығы