Садақ ату денсаулыққа пайдалы

17 Қазан 2022, 10:18
4427
Бөлісу:
Садақ ату денсаулыққа пайдалы
PHOTO

Кеше Жаңаөзен қаласында Дәстүрлі садақ атудан тұңғыш республикалық чемпионат өтті. Оған еліміздің барлық өңірлерінен бас-аяғы 170 садақшы қатысты. Бұл туралы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Садақ атудың бір ерекшелігі – бұл өнерде шектеу жоқ: жарысқа қатысқан садақшылар арасында 7 жастан асқан балалар да, 18-ден асқан жастар да бар. Ерлер мен әйелдер категориясы бөлек.

Садақ ату денсаулыққа пайдалы

Садақшылар 10 метрден 75 метрге дейінгі қашықтыққа арналған Олимп, Жамбы, Пута, Қырғыз (Орта Азия), Қазақ (Жамбы) деген нысана түрлері бойынша мергендік шеберліктерін сынасты. 

Биылдан бастап дәстүрлі садақ ату спорт түрі ретінде ресми түрде бекітілді. Бұл – осы өнерді мемлекеттік деңгейде қолдаудың жемісі.

Жақында Ұлтық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен республикалық «Ұлы Дала Жорығы» марафон-бәйгесін өткіздік. Оның ашылу салтанатына жолдаған құттықтауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз қазіргі заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, ұлттық болмысымызды жаңғыртуға тиіспіз» деп атап өтті. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы осындай шараларды қолдау арқылы халықтың рухы мен саулығын күшейтеді, ұлттық болмысты жаңғыртуға үлес қосады, - деді ол.

Садақ ату денсаулыққа пайдалы

Жақында ғана Түркияда 4-ші Дүниежүзі көшпенділер ойыны аяқталды. 

Оған қатысқан Қазақстан құрамасы қазақша күрес, көкпар, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату сияқты спорт түрлерінен 3 алтын, 4 күміс, 2 қола жүлдеге ие болды. Алдағы, 5-ші Дүниежүзі көшпенділер ойыны Қазақстанда өтеді. Біз 2024 жылы болатын халықаралық шараны жоғары деңгейде ұйымдастырумен қатар, ол жарыста үздік шығатын спортшыларды дайындауымыз керек.

Қазір Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы құрамында Көкпар, Жамбы ату, Аударыспақ, Теңге ілу, Бәйге, Садақ ату сияқты федерациялар бар. Ұлттық спорт түрлерін дамыту – ұлттың рухын көтеру және халықтың салт-санасын жаңғырту.

Оның ішінде, кез келген спорт секілді садақ ату – шыдамдылық пен табандылыққа баулып, алға қойған мақсатқа жетуге құлшыныс сыйлайды. Сондықтан дәстүрлі садақ атуды мектеп бағдарламасына енгізіп, жас ұрпақ тәрбиесінде кең пайдалану керек, - деді Салжанов.

Садақ ату денсаулыққа пайдалы

Мақсат – дәстүрлі садақ ату өнерін насихаттау, яғни оны қазақтың ұлттық спорттық өнері ретінде дамыту.

Осындай чемпионаттар өткізу арқылы біз елімізде садақ атудың өзіндік мәдениетін қалыптастырсақ дейміз. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде балаларға арналған садақшылар үйірмелері, ересектерге арналған садақ ату клубтары бар. Бүгінде садақ атудан жас қазақстандық чемпиондарымыз бар екені қуантады.

Мамандар садақ атудың адам денсаулығына өте пайдалы екенін айтады. Ол қырағылықты арттырады, ал қазіргідей IT-құрылғыларына байланған заманда балалардың көру қабілеті нашарлап кеткені жасырын емес.

Бұған қоса, садақ ату омыртқаны шынықтырып, оның түрлі дертке шалынуының алдын алады. Бір садақ ату 20-дан аса килограмм жүк көтергенмен бірдей. Ал жарыс барысынша спортшылар 100-ден аса садақ оғын атады, сонда оларға түсетін салмақты елестете беріңіз. Сондықтан дәстүрлі садақ атуды дамытуды қолға алу – ұлт руханияты мен саулығына жасалған жанашырлық деп білемін. Жарыста мергендермен қатар көрермендерге арналған ұтыс ойындары ұйымдастырылды, арнайы сыйлықтар берілді. Осы жарыста үздік шыққан садақшыларымызды құттықтаймын!, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы