Астана, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев техникалық реттеу саласындағы мәселелерді шешуде министрліктер арасында түсіністік жоғын айтты.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі брендтерді шетелге шығару үшін қолдау көрсетеміз деді. Шешілмей жатқан мәселелер бар. Қалай оны алға жүргіземіз, Жеңіс Махмұдұлы? Неге министрліктер арасында ведомствоаралық байланыс, түсіністік жоқ? Мұны қалай шешеміз? «Органик-фуд» деп айтқанымызға 3-4 жыл болды, әлі шешілген жоқ», - деді Сағынтаев.Жеңіс Қасымбек осы тапсырма бойынша өткен айдың соңында денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жол картасына қол қойғанын атап өтті.
«Осы жылға нақты жоспарларымыз бар. «Органик фуд», басқа да бренд бойынша іс-шаралар көзделген. Басқа жиналыстарда сізге баяндауға дайынбыз. Қазір жол картасы бар. Келісімге келдік. Түсіністік бар. Одан бөлек ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысы бойынша комитетімізде арнайы басқарма ашылып жатыр. Осы мәселемен айналысатын арнайы төрағаның орынбасары болады», - деп жауап берді Қасымбек.
ҚР премьер-министрінің орынбасары Өмірзақ Шөкеев бұл мәселе өзекті болып отырғанын, индустрия министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігіндегі комитет негізгі назарды ішкі нарықтың қауіпсіздігіне аударып отырғанын айтты.
«Бірақ біз қазір экспортқа шығып жатырмыз. Осы жағынан үш мәселеге көңіл бөлуіміз керек. Қытай, Ресей, Парсы шығанағы сияқты негізгі нарықтарымыздың стандарттарын қарауымыз қажет. Өзімізге келтіріп, бейімдеп, экспорттаушылармен сөйлесіп ыңғайландыруымыз керек.
Екінші мәселе, ішкі нарықтағы сертификаттайтын компаниялар шетелде белгісіз. Оларға ешкім сенбейді. Еуропада, Америкада істейтін компаниялар осында келіп тіркелейін десе көптеген қиыншылықтар туып жатыр. Компаниялар бір, министрлік жағынан түсіністік жоқ. Соларды тездетіп тіркеп, сертификат беру үшін құқық беру қажет. Үш мәселеге жауап беретін бөлек департамент құрып, бөлек орынбасар болуы керек. Сол кезде бұл мәселе ілгері жүреді деген ойдамыз. Түсіністік керек», - деді Шөкеев.
Сағынтаев министрліктер арасында өзара түсіністік болмаса бұл мәселені шешу қиынға соғатынын айтты.
«Түсіністік керек. Бұл жерде тек ауыл шаруашылығы, болмаса индустрия, денсаулық сақтау министрлігіне байланысты емес. Бұл – жалпы елдің мәселесі, халықтың қауіпсіздігі. Келген өнімге де, шығарылатын өнімге де сертификат беру қажет. Осы жөнінде түсіністік болмаса алысқа бармаймыз», - деді премьер-министр.
Қасымбек министрліктер өзара келісімге келіп, жол картасына қол қойғанын атап өтті.
«Мұны қолға алуымыз керек. Соған байланысты индустрия министрлігіне мемлекеттік бақылауды жетілдіруге бағытталған қажетті заңнамалық шараларды жылдам қабылауды, әрі ақпараттық жүйелерді және контрфактілі өнімді алып қою тетігін енгізуді тапсырамын. Бұдан басқа өнеркәсіптік өнімді мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру функцияларын бекітуді аяқтауымыз қажет. Өмірзақ Асқарұлы, Асқар Ұзақбайұлы екеуіңіз біріге отырып, осы шараны аяқтауымыз қажет. Біз шын мәнінде аккредитация өткізіп, сертификатын алып жасамайтын болсақ біздің өнімді басқа елдерге өткізу қиынға түседі», - деді үкімет басшысы.