Астана, BAQ.KZ. Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Astana Hub тәуелсіз кеңесшісі Джозеф Циглермен еліміздегі инновациялық экожүйені одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кездесу өткізді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.
Кездесу барысында Astana Hub АТ-стартаптардың халықаралық технологиялар паркінің жұмысын жетілдіру перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, енгізіліп жатқан инновациялардың тиімділігін арттыру және олардың әлемдік қоғамдастықтағы бәсекеге қабілеттілігі мәселелері қаралды. Жаңа технологиялар ең алдымен еліміздің азаматтарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс екені аталып өтті.
Мемлекет басшысы Н. Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында Экспо-2017 нысандарының бірінің базасында АT-стартаптардың халықаралық технопаркін құруды тапсырды. Халықаралық технопарктің жұмысы 2018 жылғы қараша айында іске қосылды. Қазіргі таңда хаб аумағы 100% толтырылған.
Astana Hub міндеті — стартап мәдениетті дамыту және ел экономикасын нығайту мақсатында жоғары технологиялық жобаларға қолдау көрсету. Astana Hub АТ-стартаптардың халықаралық технопаркі Қазақстанның инновациялар экожүйесін дамытудың өзегі мен қозғаушы күші болуы тиіс, сонымен қатар технологиялық бизнесті дамытудың халықаралық деңгейде мойындалған хабына айналуы қажет.