Полиция полковнигі: Сақшыға қойылатын негізгі талап – халықтың сеніміне ие болу

23 Маусым 2020, 10:47
3413
Бөлісу:
Полиция полковнигі: Сақшыға қойылатын негізгі талап – халықтың сеніміне ие болу

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін – Қазақстан полициясы күні. Құрылғанына биыл 28 жыл толып отыр. ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының Тактикалық арнайы даярлық кафедрасының бастығы Александр Сметановскийдің де ішкі істер органында қызмет істеп келе жатқанына биыл 28 жыл. Осы орайда тәжірибеге бай маманды төл мерекесімен құттықтап, аз-кем әңгімеге тартқан едік.

– 1992 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы" Заң қабылдады. 15 жыл өткен соң, 2007 жылы 5 маусымда сол кездегі Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен 23 маусымды "Полиция күні" деп бекітті. Бұл күн – осы жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болғандарға, ардагерлерге және бүгінде осы қатарда еңбек етіп жүргендерге ризашылық пен алғыс сезімдерін білдіру күні. Сондай-ақ бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні болып та саналады, – деді Александр Юрьевич .

Осы орайда біз полиция полковнигінен:

– Бүгінде полицияға нендей талап қойылып отыр? – деп сұрадық.

– Полицияға қойылатын негізгі талап, Мемлекет басшысы айтқандай, тиімді жұмыс. Ал оның тиімділігін бағалау халық сенімінен құралады, – деді ол. – Әрине, халық кейбір әріптестеріміздің дөрекілігі мен біліксіздігіне байланысты жиі шағым айтып жатады. Рас, кейбір жағдайларда полиция қызметкерлерінің өздері де заң бұзады, әсіресе, жол ережелерін сақтамай бермейді. Өкініштісі, оны естіп те, көріп те жүрміз. Десе де, бес саусақ бірдей емес.

ҚР Ішкі істер министрлігі жүргізіп жатқан реформалар аясында тәжірибелі әрі адал кәсіби мамандар даярлаудың кешенді шаралары қарастырылып жатқаны анық. Өздеріңіз білетіндей, қоғам тыныштығын күні-түні кірпік қақпастан күзететін полицейлердің арасында да өз ісіне берілген, жауапкершілігі жоғары білікті мамандар аз емес. Өз өміріне қауіп төнсе де, өзге адамдарға көмек қолын созатын қатардағы полицейлерге және олардың отбасыларына мемлекет тарапынан лайықты қолдау көрсетіліп жатыр деп есептеймін. Қызмет барысында қаза болатын бейбіт күннің батырлары қаншама. Біз өз кезегімізде елінің нағыз патриоты, білімді де білікті осындай жас мамандарды көптеп дайындауымыз қажет.

Осы орайда полиция полковнигі, заң ғылымдарының докторы, доцент Нұрлан Биекенов басқаратын ІІМ Қостанай академиясы да кәсіби де білікті жас маман даярлауға үлкен үлес қосып келеді деп айта аламын.

– Биыл академиядан қанша түлек қанаттанды?

– Біздің академия қабырғасынан түлеп ұшқан мамандар өз саласы бойынша еліміздің әр түкпірінде аянбай етіп жүр. Біз оқу ордамыздан түлеп ұшқан әр шәкіртімізді әрқашан мақтан тұтамыз. Таяуда академиямыздың күндізгі оқу бөлімінің биылғы түлектерінің қорытынды мемлекеттік аттестациясы аяқталды. Мемлекеттік емтихандар облыстардың аумақтық Полиция департаменттері мен Тәжікстан Республикасы ІІМ академиясының базасында қашықтан өтті. Академиялық бакалавр дәрежесі 247 түлекке берілді.

– Ал енді өзіңіз басқарып отырған кафедра жұмысымен қысқаша таныстыра өтсеңіз? – деп қызығушылық таныттық.

– Біздің кафедра зерттеу тақырыбына бағытталған семинарларға, жиналыстар мен конференцияларға, халықаралық жиындарға қатысып тұрады, – деді кафедра бастығы. – Педагогикалық әдістер мен білім беру құралдарын анықтаймыз. Кафедра қызметкерлерінің педагогикалық жүктемелерінің бөлінуін, ғылыми-зерттеу жұмысының жүргізілуін ұйымдастырамыз және аяқталған ғылыми-зерттеу жұмыстарын талқылаймыз. Оқулық, оқу және оқу-әдістемелік құралдардың қорытындыларын құрастырып, оқытушылардың біліктілігін арттыруды жоспарлап, оларға бағыт-бағдар береміз. Ғылыми-әдістемелік көмек көрсету үшін оқу мекемелерімен және басқа да ұйымдармен байланыс орнатып отырамыз. Сондай-ақ 1-3 курс курсантарының арасында жауынгерлік қарудан АК-47 шашу/жинау бойынша сайыс ұйымдастырдық.

– Ішкі істер органына қызметке келмес бұрын Қарағандыдағы педагогикалық институттың әскери-спорттық факультетін бітіріп, кейін осы қаладағы Жоғары милиция мектебінде оқыдыңыз ғой?

– Иә. Содан соң еңбек жолымыз еліміз Тәуелсіздік алған жылдары басталды. 1992 жылы Қостанай облысы Арқалық қалалық Ішкі істер бөлімінде жедел уәкіл, кейін аға жедел уәкіл болып қызмет істедім. ІІБ Қылмысты іздестіру бөлімшесі бастығының орынбасары, кейін осы бөлімшенің бастығы болып тағайындалдым. Бала кезімде әкем Юрий Сметановский секілді офицер болып, қос иығыма погон тақсам деп армандап едім... Міне, өзіңіз айтпақшы, бүгінде осы саланың ыстық-суығын бірдей көтеріп келе жатқанымызға бірталай уақыт өтіпті. Бар білген-түйген тәжірибемізді мүмкіндігінше жас мамандарға үйретіп келе жатырмыз, – деді полиция полковнигі.

Өз қызметіне тиянақты әрі зор жауапкершілікпен атқаратын жігерлі жігіт кейін шәкірт тәрбиелеуге қарай ойысады. Қостанай Заң институты Жедел іздестіру қызметі кафедрасында оқытушы болып он жылдан артық қызмет істейді. Кейін Әділет министрлігі ҚАЖК Қостанай Академиясының Әскери және дағдарысқа қарсы дайындық кафедрасының бастығы, Жедел іздестіру және режим қызметі кафедрасының профессоры болып қызмет істейді. Бұл салада жүріп абырой мен беделден кенде болған жоқ. Құқық қоғау органдарында атқарған көп жылғы қызметі еленіп, Ішкі істер министрлігінің «Үздік қызметі үшін» белгісі, Әділет министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ІІ дәрежелі "Мінсіз қызметі үшін" медалін иеленген. Ішкі істер министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі "Мінсіз қызметі үшін" медальдарын омырауына қадап, Құрмет грамотасымен және басқа да сыйлықтармен марапатталған. Десек те, Александр Юрьвичке биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен Президент атынан алған Құрмет грамотасы ерекше ыстық. Онда "Әскери және қызметтік борышыңызды атқару үстінде көрсеткен ерлігіңіз бен жанқиярлығыңыз, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге, заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға қосқан үлесіңіз үшін Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен наградталдыңыз" делінген. Ол осы марапатқа ұсынған академия басшылығына, әріптестеріне алғыс айтады.

– Әңгімеміздің басында "әкем сияқты офицер болуды армандадым" деп айтып қалдыңыз ғой. Балаларыңыздың ішінде ізіңізді жалғасам дейтіні бар ма? – деп сақшыға сынай қарадық.

– Қызым Әсел осы Қостанай академиясының түлегі, бүгінде ол да менің жолымды жалғастырып, Қостанай қалалық Ішкі істер басқармасында жауапты қызмет атқарады, – деді полиция полковнигі. – Ал екінші қызым Сәбина Екатеринбургте орналасқан Ресейдің тұңғыш Президенті Б. Елцин атындағы Федералды университетінің Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша 3-курста оқиды.

– Мемлекеттік тілді жетік меңгергеніңізден хабардармыз. Түрлі тіл сайыстарында да топ жарып, жүлделі болған екенсіз...

– Болашақ офицерлерді Отанын, елін сүюге баулып, оларға мемлекеттік тілді үйретуге үлес қосуды өзімнің парызым санаймын: Рас, Павлодар қаласында өткен өзге ұлт арасындағы аймақтық "Қазақ тіліне жеке үлесім" деп аталатын байқауға қатысып, жүлделі 1-орынды жеңіп алғанмын. Сондай-ақ елордада өткен дәл осындай байқаудан бас жүлдені иелендім. Бұл жарыста мен өзін-өзі таныстыру, мақал-мәтелдер айту, белгілі бір тақырып бойынша күнделікті қызметте пайдаланатын құжаттарды орысшадан қазақшаға аудару, өнер көрсету сынды шарттарды орындадық.

Қаймағы бұзылмаған Торғай өңірінде туып-өскендіктен қазақ тілін бала күнімнен үйреніп алдым. Мектеп бағдарламаларын былай қойғанда, өз бетімше де жалықпай іздендім. Түрлі газет-журналдардың әрбір санын жібермей оқитынмын. Қазір де солай, күнделікті басылымдарды бір-бір шолып, кейбір сайттардан ақпараттарды оқып отырамын. Алайда, кейбір ақпарат құралдарының тақырыптарының өзінен-ақ өрескел қате көзге бірден ұрады. Редакторлары қайда қарап отырады екен деп ойлап қоясың...

– Оқу демекші, әлемді дүрліктірген COVID-19 пандемиясына орай еліміз қашықтан білім беруге көшкені белгілі. Академияда бұл қалай жүзеге асты?

– Дұрыс айтасыз, мына індет оқыту үрдісіне де әсер етпей қоймады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында қашықтан оқыту жүйесінің сапасына баса назар аударды.

Карантин мен оқшаулау режимінің енгізілуіне байланысты Академияда online режимінде қашықтан білім беру технологияларын енгізу бойынша жемісті жұмыс жүргізілді. Бүгінде Қостанай академиясында онлайн оқыту бағдарламаларының сапасын жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қашықтан білім беру технологияларын енгізу сәтінен бастап академия жекелеген білім беру бағдарламаларын қолданудың бастапқы кезеңдерінен өтті. Қазіргі уақытта сынақ, емтихан қабылдау және кәсіби дайындық факультетінің курсанттарын шығару мәселелері бойынша жүйе апробацияланды, – деді Александр Сметановский.

Полиция полковнигінің айтуынша, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізудің арқасында кәсіби дайындық факультетінің 2-3-курс курсанттары жазғы аралық сессияны тапсыруға кіріскен. Сондай-ақ 4-курс курсанттары да мемлекеттік емтихан тапсырады. Тиісті облыстардағы Полиция департаменттерінің базасында түлектер мамандығы бойынша Мемлекеттік кешенді емтихан (компьютерлік тестілеу) және қашықтан оқыту жүйесі мен ZOOM платформасы арқылы бейіні бойынша емтиханға қатысуда.

Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру факультетінің "Құқық қорғау қызметі" мамандығы бойынша ғылыми және педагогикалық магистратураның 2018 жылы қабылданған магистранттары биыл Қостанай академиясын тәмамдаған. 

– 19 магистрант қорытынды аттестация тапсырып, магистрлік диссертацияларын "өте жақсы", "жақсы" деген бағаларға қорғады және заң ғылымдарының магистрі дәрежесіне ие болып, мемлекеттік үлгідегі дипломдарын алды. Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Амангелдіұлы магистранттарды осы қуаныштарымен құттықтап, жаңа өмірлеріне ақ жол, сәт-сапар тіледі, – деді Александр Сметановский. 

Өзгелердің жаңалығы