Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Жезқазған іргесіндегі Сәтбаев қаласында тұрғын үй өртке оранған. Алдын ала мәліметтер бойынша, өрттің шығуына электрқұрылғысындағы қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Тілсіз жау 2015 жылы туылған бүлдіршіннің өмірін жалмады.
29 қаңтар күні таңғы сағат бес шамасында Сәтбаевтағы Байқоныров атындағы көшеде орналасқан екі қабатты 8 пәтерлі үйдің бірінші қабатындағы пәтерден өрт шыққан. Құтқарушылар 31 жастағы әйелді өрттің ішінен алып шыққан. Ол қазір ауруxанада.
«Кезекші бөлімге 05 сағат 22 минутта пәтердегі өрт жайлы xабарлама келіп түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгенде үйдің 8 шаршы метр аумағы өртеніп жатқан. Өрт шыққан жерден 2015 жылы туылған қыз баланың мәйіті табылды. Құтқарушылар 1988 жылы туған әйелді құтқарды. Оның денесін күйік шалған, түтінге уланған. Ауруxанаға жатқызылды. Жалын 06 сағат 12 минутта ауыздықталды», - дейді Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.
Оның айтуынша, тілсіз жаумен алысуға Қарағанды облысы ТЖД-нің 6 арнайы теxникасы мен 22 құтқарушысы жұмылдырылған. Болжам бойынша өрттің шығуына электрқұрылғысындағы қысқа тұйықталудың орын алуы себеп болған.
Жібек Мұқашева