Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов халық алдындағы есеп беру кездесуінде атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай жүрген қанша отбасы барын айтты.
«Көпбалалы отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмек күн тәртбінде тұрған ең өзекті мәселе. Бүгінде есептеу әдістемесінің ерекшелігіне байланысты 10 мың отбасының шамамен 4% (434 отбасы) атаулы әлеуметтік көмекті алады. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Қанша ақша бөлінді, ал біз бөлінген ақшаны оларға жеткізе алмай жатырмыз. Бұл олардың ақшасы емес пе? Неге бұлай болып жатыр?» - деді қала әкімі Сұлтанов.
Ол бұл мәселені қазбалағанда қарапайым азаматтарға түсініксіз нәрселер көп екенін айтты.
«Дегенмен шаршамау керек. Оңай емес, бірақ бұл мәселені шешеміз. Бізге мәлім болғасын, шешілді дей беріңіздер, ағайын. Бүгінгі таңда бұл біздің басты міндетіміз болып отыр. Тіркелген барлық отбасы оларға салынған қаржыны алуы тиіс. Бұл – Елбасы қойған міндет. Әлеуметтік қорғау – ең бірінші басымдық. Көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылар емес, мүгедектер, зейнеткерлер, ҰОС қатысушылары мен басқа да санаттағы адамдар да сөз болып отыр», - деді әкім.