Сүлейменов: Астанада құрылыс қарқыны төмендеді

12 Ақпан 2019, 10:27
1820
Бөлісу:
Сүлейменов: Астанада құрылыс қарқыны төмендеді

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2019 жылдың бірінші айының қорытындысы бойынша экономиканың көптеген саласында өсім қарқыны баяулағанын мәлім етті.


Оның айтуынша, осы жылдың басынан бері елдің кейбір өңірінде тұрақсыз жағдай байқалады екен.

«Мәселен, өнеркәсіп бойынша Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан,Маңғыстау және Ақмола облыстары теріс серпінді көрсетті. Бұл өңірлерде мұнай, газ конденсатын, уран кенін, жалпақ илек және жүк вагондарын өндіру қысқарды», - деді Сүлейменов.

Сонымен қатар ол өнеркәсіп саласында Шығыс Қазақстан, Атырау, Қостанай облыстарында, Астана қаласында жоғары өсім байқалғанын атап өтті.

«Ауыл шаруашылығында Атырау облысынан басқа, барлық өңірде өсім байқалады. Айтарлықтай өсімді Ақмола облысы көрсетуде», - деді министр.

Сонымен қатар ведомство басшысы 6 облыста құрылыс қарқыны төмендегенін мәлім етті. 

«Құрылыс бойынша 6 өңірде төмендеу байқалды. Бұл, Астана қаласы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары. Өңірлердегі құлдырау техногендік минералдық түзілімдерді қайта өңдеу фабрикасының, «Абу-Даби Плаза» көпфункционалды кешенінің, магистральды мұнай және газ құбырларының, тұрғын және өнеркәсіптік ғимараттардың, білім беру объектілерінің құрылысы бойынша жұмыстардың азаюымен байланысты», - деді Сүлейменов.

Осы орайда ол инвестициялар көлемінің айтарлықтай төмендеуі 3 өңірде байқалғанын жеткізді.

«Инвестицияларды тарту бойынша 4,3 есеге өсумен Қызылорда облысы көшбасшы болып отыр. Сондай-ақ, инвестициялардың айтарлықтай өсуі Қарағанды, Ақмола, Түркістан, Қостанай облыстарында байқалады. Жалпы 2019 жылдың бірінші айының қорытындысы бойынша экономиканың көптеген саласында өсудің баяулау үрдісі байқалады», - деп түйіндеді сөзін министр.
Дәурен ЕРБОЛАТ
Өзгелердің жаңалығы