Румынияда өткен президенттік сайлауда ұлтшыл оппозициялық "Румындарды біріктіру альянсы" (AUR) партиясының жетекшісі Джордже Симион 43,74 пайыз дауыспен көш бастап тұр. Бұл туралы елдің Орталық сайлау комиссиясы бюллетеньдердің 25,61 пайызы өңделгеннен кейін мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Екінші орында басқарушы коалицияның атынан сайлауға түскен кандидат, Румыния Сенатының бұрынғы басшысы Крин Антонеску – ол 24,36 пайыз дауыс жинаған. Үшінші орында бұрынғы премьер-министр Виктор Понта (14,51%), ал төртінші орында Бухарест мэрі, тәуелсіз кандидат Никушор Дан (12,59%) тұр.
Президенттік сайлау 4 мамыр күні өтті және бес жылда бір рет өткізіледі. Сайлау күні Румыния ІІМ 50-ге жуық заң бұзушылық туралы хабарлама алғанын мәлімдеді.
Сайлауға қатысқан басқа кандидаттар қатарында: "Румынияны құтқару одағы" (USR) партиясының жетекшісі Елена Ласкони, Ұлттық-консервативті партияның өкілі Кристиан Терхеш, Социал-либералды гуманистік партияның мүшесі Лавиния Шандру, Natiunea Romana партиясының басшысы Джон-Ион Бану, бұрынғы Сыртқы барлау қызметінің басшысы Сильвиу Предою, бұрынғы білім министрі Даниэль Фунериу және "Жаңа Румыния" партиясының жетекшісі Себастьян Попеску бар.
Румыния заңнамасына сәйкес, егер кандидат тізімге енгізілген сайлаушылардың жартысынан астамының дауысын жинаса, ол бірінші турда жеңіске жеткен болып есептеледі. Ал егер ешбір үміткер 50 пайыздан көп дауыс ала алмаса, екі аптадан кейін екінші тур өтеді. Екінші турда көп дауыс жинаған кандидат президент болып жарияланады.