Роза Мұқанова: ТІРІГЕ - СӘЛЕМ!!!

15 Шілде 2020, 21:53
3520
Бөлісу:
Роза Мұқанова: ТІРІГЕ - СӘЛЕМ!!!

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлтқа қызмет ету деген не?.. Білекті сыбанып, адыраңдау ма... Әлде қазіргі уайымнан арылып, ертеңгі күннің мүддесіне еңбек ету ме... Азапты бастан кешіп жатқан тек қазақ халқы емес, адамзат әлемі бұл қатерден бас сауғалап, қамданып жатыр. Жазушы, драматург, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Роза Мұқанова елдегі карантиндік жағдайға, Мемлекет басшысының шешімдеріне қатысты ойымен бөлісті.

Бүгін Франция мен Ұлыбритания пандемияның ең апатты екінші толқынына дайындықтарын айтып, дабыл қағып отыр. Ұлыбритания екі жүз елу мыңға жуық адамынан айырылу қаупі бар екенін халқына жария етті. Ал біздегі жағдай не болмақ? Ең қатерлі кесапат – дағдымыздан арыла алмай, бір-біріне ауру жұқтырып жатқан өз тірлігіміз. Осы әрекетімізге тиым болмаса, ұлттың түбіне басқа емес өзіміз жетеміз. Гонконгта сақтық шараларын ұстамағандарды алты ай түрмеге қамайтын заң шығарды. Ұлтымыздың қауіпсіздігін айтсаң, тасада отырып тас атып, елді шатастыруға пәрмен жинап, көлеңкеде ұпай жинағыш "кемеңгерлер" пайда бола қалады. Сондағы олардың тілегі, мұраты не?.. Иә! Халықтан үлкен ешкім жоқ екені рас! Халық – көптен тұрады. Көпте ақыл болатынын, болмайтынын данышпандар айтып кеткен. Халық – киелі, көңіліне қонғанын ақылына салады. Аузы дуалысының сөзіне жүгінетін де сол - ХАЛЫҚ. Заңына мойынсұнатын да - ХАЛЫҚ. Заңына бағынбаса опық жейтін де ХАЛЫҚ. Даналығымен тығырықтан шығар жолды іздейтін де ХАЛЫҚ. Сол халықтың ҰЛ мен ҚЫЗЫ – СІЗ бен БІЗ Көлгірсісек - шындықтың аяғына тұсау боламыз - дейді Роза Мұқанова.

Оның ойынша Кеңестік жүйеде де мемлекеттік лауазымдарда ұлттық кадрлар аз болды. Ал жазушылардан жоғары лауазымда болғандар саусақпен санарлық еді. 

Бүгінгі қазақ баласы ағалаған: Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Әбіш Кекілбай, Төлен Әбдік сынды тұлғаларымыз болды. Билік пен халықтың ортасын тең ұстаған мемлекетшіл тұлғаларымыз, қоғам қайраткерлері қаншама. Жалы күдірейгеннің жалынан сипап, тізеге көнбеген тентегіне тиым салмаса биліктің де аброй құдіреті үстем бола ала ма? Қазіргі қазақ қоғамын бұрынғымен салыстыруға болмас. Бірі елдің мұратын ойласа, бірі өз "көжесінің" дәмінен аса алмайды. Бірі - елдің жоғын жоқтаса, бірі- өзінің кредитін "халықтың қазынаснан алып жауып берсін!" деп жар салады. Әртүрліміз... саналуанбыз... Бірлігіміз де дәл солай болып тұр. Әрқилы әңгімеміз бар. Берекесіздік белең алып, өзіміз бен өзіміз іштей "соғысып" жатқандаймыз. Қиындық мәңгі болатындай, жарық күн сөніп, түн астында мәңгі қалатындай үрейге қамалдық. ҚИЫНДЫҚ пен ЖЕҢІС ерлі зайыптылардай, әуелден бірге емес пе... Бүгінгі қиындық еңбекпен келген ертеңгінің жеңісі болмақ емес пе. Тәуелсіздіктің ақиқатын – сойылын соққан жалған намыстың тасасына қалдырып кеткен жоқпыз ба ... - дейді жазушы.

Ол 1986 жылы желтоқсан оқиғасына қатысқандардың басты арманы не еді?... деген сұраққа жауап береді.

Тәуелсіздік дегенді мемлекет басшының қазақ болғаны деп түсіндік. Басшымыз қазақ болса, қосшысы халқы болады деп жан берістік. Арманымыз қазақ келсе, ырысымыз молаяр, теңдігіміз теңелер дедік. Тәуелсіздігімізге қол жеткенде "Ел болдық, енді өзге ұлттан кем болмаспыз" дестік. Расында солай болды. Арман қудық, алысты көздедік. Жеткен жетістік те, жетпеген мақсат та тұрды алдымызда. Қазір де сол. "Ештеңе болмады, ештеңе көрмедік" десек, "көзің шыққыр көрмедің-ау..." деген қарғысқа қалармыз. Өшкенімізді - тірілттік, тиым салынған дәстүріміз – жаңғырды, Қазақстан деген мемлекетпен санасты. Ендігі мүдде, ендігі жол, ендігі жаңару сатысы басқа арнаға жол бастады. Біз өз көшімізді өзіміз түзей алатын, басшымызды сынай алатын, өз еркіндігіміз өзімізге қызмет ететін, қараның сөзін – хан еститін сатыға көтерілдік. Мемлекетімізді басқаратын адамға таңдау жасадық. Әлемдік саясатта аты-жөні әлдеқашан дәлелденген, қазақтың ұлы деп мақтанатындай білімі мен парасаты тоғысқан көкірегі ояу, қазақтың есесін ешкімге жібермейтін, халықаралық беделге ие ТҰЛҒА басшылыққа келді. Сол тұлғамызды сүріндіруге емес, сүйемелдеуге тиіспіз. Айтқан ақылына бағынуға тиіспіз. "Кімнің аузынан көбік көбірек шашыраса, соның соңыннан тұра жүгіретін әулекілігіміз жан қинайды" деп кетіп еді кешегі дүниеден өткен Әбіш Кекілбай. Халық пен Биліктің арасындағы отқа алақанын талай тосқан тарланымыз еді. Бірде, Парламент Сенатының лифтісіне таудай болып, Әбіш ағай кіріп келді. Мейірімді жүзінен нұры төгіліп, амандасып үлгерген менің қолымнан сүйді де күліп жіберді. "Осы жұрт мені қанша сынаса да қолдан сүю әдетімді қоя алмадым-ау" -деді, лезде мұңайып. Дәл сол кезде Әбіш ағаның да құлағынан қиқулар кетпей жатқан кезі еді. "Әбіш Елбасының қолынан сүйді", "Әбіш жылады", "Әбіш жағымпазданды" деп құнжыңдасқандар көп еді. Тәуелсіздікке Елбасымен бірге үзеңгілес жүрген - Ә.Кекілбайұлы болды. Өмірден өткенге дейін халқына айтатын сөзі де, ұланғайыр ойы да болды. Бірақ ақиқатты айтып үйренейікші, сол қалқамызды да тілдеп, жүндеп, пыш-пыштап: "Бір сөйлесе тоқтамайды" деп ыржақтаған, "регламентті сақтамайды" деп күйгелектенген, "лекция тыңдауға келіп пе едік" деп бошалаған жұрт қазір де өзгере қойған жоқ. Олай болса адамнан да сұрау бар, алауыздыққа бой алдырса халықтан да сұрау бар - деді ол.

"Жігітке ерлік те оңай, билік те оңай, әгәрәки қабырғалы халқы болса" депті Әбубәкір Кердері. Елдің тілегі ауызбірлікте ғана түзеледі. "Алабөтен өзімшілдіктің әр жағында алабөтен әлсіздік жатады" Кешегі алған тәуелсіздігіміздің құдіретін елемесек, бүгінгі күннің бәрін күмәнға жеңдірсек, ертеңгімізге ұрпағымызды сендіре алмасақ – біздің әлсіздігіміз болмақ. Көнеден жеткен сөз бар жадымызда: "Атаңның құнын кешетін, ағаңның – қолын шешетін ертеңгі елдікті айт!" деп кетіпті. Біз де бабаларымыздың осы тілегін жаңғыртқымыз келді - деді Роза Мұқанова.

Өзгелердің жаңалығы