Рөлде жасөспірім: Астанада жол ережесін өрескел бұзғандар жазаланды

Астанада жасөспірім мен ер адам көше ортасында қауіпті жарыс ұйымдастырды. Кәмелетке толмағанның ата-анасы бірден бірнеше құқық бұзушылық үшін жауапқа тартылды.

 polisia.kz Бүгiн 2026, 08:24
Бүгiн 2026, 08:24
279
Фото: polisia.kz

Астанада үш жүргізуші қала көшесінде автожарыс ұйымдастырған, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға Салық Зиманов көшесінде болған.

Құқық бұзушылар – Skoda автокөлігін тізгіндеген 18 жастағы жүргізуші және Toyota Highlander мінген екі жүргізуші: біреуі кәмелетке толмаған, екіншісі 33 жастағы ер адам.

Жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, апатты жағдай туғызған.

Бейнежазбада көліктердің жолдың толық енін алып, қатарынан қозғалып, бір-бірімен жарыса жүргені көрінеді. Ал болып жатқан жағдайды тағы бір ер адам телефонға түсіріп тұрған.

Барлық қатысушыға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағанның заңды өкілі көлік құралын басқару құқығы жоқ адамға беру, тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамау, сондай-ақ жасөспірімнің тұрғын үйден ересектердің қарауынсыз тыс жерде болуы бойынша жауапкершілікке тартылды. Барлық көліктер коммуналдық тұраққа қойылды, – деп хабарлады полиция.

Жыл басынан бері Астанада апатты жағдай туғызғаны үшін шамамен 1800 жүргізуші жауапқа тартылса, маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін 3000-ға жуық жүргізуші жазаланған.

Наверх