Роботтар қай мамандықтарды алмастырады? Сарапшы нақты айтты

Мамандар роботтар жұмыстың сипатын өзгертетінін айтуда.

 freepik.com Бүгiн 2026, 11:40
Бүгiн 2026, 11:40
169
Фото: freepik.com

Қазақстанда және Орталық Азияда робототехника мен инженерия қарқынды дамып келеді. Осыған байланысты қоғамда жиі қойылатын басты сұрақтардың бірі – роботтар адамдардың жұмысын тартып ала ма немесе адамдарды алмастыра ала ма?

BAQ.KZ тілшісінің сұрағына Ustem Foundation» қорының құрылтайшысы Нұрдәулет Досмағамбет бұл сұраққа нақты жауап берді. Оның сөзінше, роботтар жұмыс орындарын жоймайды, олар тек жұмыстың сипатын өзгертеді.

Оның айтуынша, қазіргі технологиялық өзгерістер жаһандық экономикаға үлкен әсер етуде. Бұл үдеріс көбіне «үшінші» немесе «төртінші индустриялық революция» деп аталады. Алайда мұндағы негізгі мәселе – жұмыссыздық емес, еңбек нарығының трансформациясы.

Сарапшы роботтар ең алдымен «3D» (dull, dirty, dangerous – іш пыстыратын, лас, қауіпті) санаттағы жұмыстарды алмастыратынын атап өтті. Яғни ауыр, зиянды және қайталанатын міндеттер автоматтандырылады.

Адамдар мұндай физикалық еңбектен босайды. Роботтар тез әрі тиімді орындай алатын жұмыстарды соларға беру арқылы біз адам ресурсын жоғары интеллектуалдық деңгейдегі тапсырмаларға бағыттай аламыз, – дейді Нұрдәулет Досмағамбет.

Оның сөзінше, бұл өзгерістер жаңа мамандықтардың пайда болуына әкеледі. Мысалы, роботтар экожүйесін басқаратын сәулетшілер, автономды жүйелерді бағдарламалайтын инженерлер, мәліметтерді өңдейтін мамандарға сұраныс артады.

Яғни еңбек нарығында жұмыс азаймайды, керісінше оның сапасы өзгереді – жоғары жалақы төленетін, таза әрі интеллектуалды қызметтер көбейеді.

Сарапшының пікірінше, роботтандыру ең алдымен қауіпті салаларда енгізіледі. Олардың қатарында шахталар, жерасты туннельдері, өндірістегі ауыр жұмыстар мен түрлі инспекциялық қызметтер бар.

Сонымен қатар ол тарихқа сүйене отырып, мұндай өзгерістердің бұрын да болғанын еске салды. Индустриялық революциялар кезеңінде кейбір мамандықтар жойылғанымен, олардың орнына жаңа кәсіптер пайда болды.

Мысалы, бұрын ат-көлікке байланысты көптеген жұмыс болған. Кейін олардың орнын жүргізушілер мен техникалық мамандар басты. Сол сияқты қазіргі өзгерістер де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – деді ол.

Нұрдәулет Досмағамбет бұл үдерісте білімнің рөлі ерекше екенін атап өтті. Қорытындылай келе, сарапшы роботтар адамдарды жұмыссыз қалдырмайтынын, тек еңбек мазмұнын өзгертетінін жеткізді.

Наверх