Роботтар футбол ойнап, адам ойыншылардан да көп қызығушылық тудырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі AP News-ке сілтеме жасап.
Бейжің қаласында алғаш рет гуманоид роботтар арасында футбол турнирі өтті. Жарысқа төрт университет командалары қатысты. Роботтар 3-еуге қарсы 3 форматында футбол ойнап, жасанды интеллект арқылы басқарылды. Олар өз беттерінше қозғалып, шешім қабылдап, қарсыластармен күресті.
Көрермендер роботтардың ойынын қызыға тамашалап, турнирден зор әсер алды. Бұл жарыс алдағы уақытта өтетін Дүниежүзілік Гуманоидты Роботтар Ойындарына дайындық шарасы ретінде ұйымдастырылған.
Мамандардың пікірінше, мұндай турнирлер жасанды интеллект пен робототехниканың даму деңгейін ғана емес, адам мен технологияның болашақтағы қарым-қатынасы туралы ой салуға себеп болады.
Ұйымдастырушылар жарыстың басты ерекшелігі ретінде роботтардың ешқандай адам көмегінсіз, дербес әрекет еткенін атап өтті. Олар заманауи көру сенсорларымен жабдықталып, допты анықтап, алаңда еркін қозғала алды.
Сондай-ақ, роботтар құлаған соң өздігінен тұра алатындай етіп жасалған. Дегенмен, матч барысында кейбірі "жарақаттанып", алаңнан зембілмен шығарылды. Бұл көріністер жарысқа шынайылық пен әсерлілік қосты.
Қытай соңғы уақытта жасанды интеллектпен жабдықталған гуманоид роботтарды дамытуға ерекше назар аударып отыр. Мұндай спорттық жарыстар (марафон, бокс, футбол) жаңа технологияларды шынайы ортада сынақтан өткізетін тиімді алаң.
Booster Robotics компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Чэн Хао гуманоид роботтар үшін спорттық жарыстар ең жақсы тәжірибе алаңы екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай шаралар алгоритмдер мен техникалық жүйелердің дамуын жеделдетеді.
Болашақта біз роботтар мен адамдарды бірге футбол ойнауға шығаруымыз мүмкін. Ол үшін роботтар толық қауіпсіз болуы тиіс. Мәселен, матчта кімнің жеңгені маңызды емес. Бірақ шынайы шабуыл мен қорғаныс көріністері көрермендердің сенімін арттырып, роботтардың қауіпсіз екенін дәлелдейді, – деді Чэн.
Финалда Цинхуа университетінің THU Robotics командасы Қытай Ауыл шаруашылығы университетінің Mountain Sea командасын 5:3 есебімен жеңіп, чемпион атанды.
Айта кетейік, Қытайдың ерлер құрамасы футболдан әлем чемпионатына тарихта небәрі бір рет қана қатысқан. Ал 2026 жылы Канада, Мексика және АҚШ-та өтетін турнирге қатыса алмайтыны қазірдің өзінде белгілі.
Еске салайық, бұған дейін робот көзді ашып-жұмғанша "кубик рубик" құрастырып, рекорд орнатқан болатын.