Өрістен жылқы ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

21 Ақпан 2019, 13:45
2357
Бөлісу:
Өрістен жылқы ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

Талдықорған, BAQ.KZ. Алматы облысының жол-патрульдік полиция қызметкерлері «Алматы-Көкпек-Көктал» автожолында ұрланған жылқы тиеген жүк көлігін ұстады.

«Жол сақшылары 16 бас жылқы тиеген «Magirus Deutz» жүк көлігін тоқтатты. Көлік жүргізушісі мен оның серігі ешқандай құжат көрсете алмаған. Осыған орай, жақын полиция бөлімшесіне жеткізілді. Тексеру барысында аталған жылқылар көрші Ұйғыр ауданынан ұрланғаны анықталды»,- деп хабарлайды Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қолды болған жылқы Үлкен Ақсу ауылының үш тұрғынының жайылымдағы малы болып шықты. Ұрылардың ұсталғаны туралы тәртіп сақшылары хабар бергенде мал иелері жайылымдағы жылқыларын үйірімен үптеп кеткенінен бейхабар болып шыққан. Жымысқы ойлары іске аспаған ұрылар үш тұрғынға төрт жарым миллионнан астам материалдық шығын әкелген екен. Табылған мал заңды иелеріне қайтарылды.

«Күдіктілердің бірі – жергілікті, екіншісі - көрші Жамбыл облысының тұрғыны. Олар уақытша қамауға алынды. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілердің бұдан бөлек, мал ұрлығының тағы да үш дерегіне қатысы бары анықталды», - деп толықтырды облыстық полиция өкілдері.

Сонымен қатар, күдіктілер өңірдегі бірқатар мал ұрлығын жасады деген күдікке ілінгендіктен, өзге де қылмыстарға қатысы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу барысында полицейлер ұсталған екі күдіктімен қатар, ұрланған малды сатып алушыларды да қылмыстық жауапкершілікке тартуға ниетті екенін жеткізді.
Өзгелердің жаңалығы