Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов комитет отырысында театрлардың жағдайы мүшкіл екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың ойынша, 30 жылдан астам уақыттың ішінде барлық саланы ескеріп келгенімізбен, театрға қалыпты, стандартты жағдайда қарап келдік. Осының салдарынан заңдардағы өзгерістерде театрға қатысты ешқандай ньюанстар ескерілмеген.
Қазіргі таңда Қазақстан театрлары көптеген қиындықтарға тап болып отыр. Осы себепті театрлардың негізгі қызмет бағыттарын жүйелендіру маңызды міндет. Бұл бағытта қаржыландыру, кадрлық қамтамасыз ету, материалдық-техникалық жабдықтау, білім беру процесі, сондай-ақ театр өнерін халыққа қолжетімді ету мәселелерін қамтиды, - дейді Зайытов.
Оның сөзінше, театрлардың дұрыс жұмыс істеп, дамуы үшін қаржыландыру өте маңызды.
Мәдениет министрлігінің бұйрығына сәйкес, театрдағы бір қойылым 4 млн теңге мен 12 млн теңгенің көлемінде болуы керек. Бұл мемлекеттік сатып алудың шарттарымен есептеп келгенде бір қойылымды қоюға жеткіліксіз және кедергілер тудырады. Мысалы, бір қойылым бір ай бұрын мемлекеттік сатып алуда дайындады, яғни киімі және т.б. Қойылым – бұл шығармашылық жұмыс. Қойылымға 3 күн қалғанда режиссердің фантазиясы бойынша қосымша кейіпкер, декорация да қосылуы мүмкін. Бұл мәселені қазір театрлар шеше алмай отыр, - деп айтты депутат.
Ринат Зайытов театрлар қаржы жоқтығынан жиһаз да сатып алмайтынын қоса кетті.
Ол киім цехтарын да қарастыру керегін ұсынды.