Ринат Зайытов өзі көтерген мәселелер шешілмегенін айтты

26 Маусым 2024, 12:26
577
Бөлісу:
Ринат Зайытов өзі көтерген мәселелер шешілмегенін айтты
Фото: BAQ.KZ -архив

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов палатаның жалпы отырысында өзі көтерген бірқатар мәселе әлі шешілмегенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құрметті Тамара Босымбекқызы, есіңізде болса, сессия басында “берген уәделеріңіз орындалмаса, кім жауап береді?” деп сіздерге сұрақ қойған едім. Сол кезде сіз “бәріне жауап беремін” дегенсіз. Арғы жағын іштеріңіз білсін. Қай уәделеріңізде тұра алдыңыздар, қай уәделеріңізде тұра алмадыңыздар. Осы сессияда мен сіздерге 10 сауал жолдадым. Соның екеуін ғана мысалға алайын. Ұлттық бірыңғай тестілеу туралы былықтардың бәрін айтып келген кезде, сіздердің шығарған нәтижелеріңіз – Ұлттық тестілеу орталығына өмірі басы даудан айырылмайтын Абдрасиловты әкеліп қойдыңыздар, - деді депутат.

Зайытов тағы бір мәселені ашып айтты. Сөзінше, Айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер одағының ғимараты туралы сұрағына Алатау дәстүрлі өнер театрында ғимараты бар деген жауап келген.

Барып көріңіз (Тамара Дүйсеноваға – ред.), Ол 20 шаршы метр ғана жер. Меніңше, 300-дей мүшесі бар одаққа бұл ғимарат деп айту ұят, - деп айтты ол.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова депутат көтерген сұрақтарға жауап берді.

Ұлттық тестілеу орталығы басшысын тағайындау жөнінде. Өздеріңіз білесіздер, әр министрлікте өздеріне қарасты мекемелерге конкурстар жарияланады. Сол конкурстардың аясында министр мырза (Ғылым және жоғары білім министрі – ред.) жұмысқа қабылдадық деп айтып отыр. Егер ол азаматқа қатысты дау-дамайлар немесе ол сотты болып, қылмыстық істері болса, онда әрине ол конкурстан өтпес еді, - деді ол.

Вице-премьер оған қатысты дау-дамайлар болса, онда мәселені қарастыруға дайын екенін жеткізді. Тамара Дүйсенова ақындардың ғимаратына қатысты сұрақта шешілмеген мәселелер барын айтып, оны өзінде қалдыратынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы