Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Римдегі ФАО-ның штаб-пәтерінде “Қазақстан” бөлмесі ашылды

14 Қазан 2025, 08:54
432
Бөлісу:
 ҚР СІМ баспасөз қызметі
Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Италияға жұмыс сапары барысында БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Бас директоры Цюй Дунъюймен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу кезінде министр ұйымның 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығын орнықты дамыту ісіндегі ФАО-ның маңызды рөлін атап өтті.

Е.Көшербаев Қазақстан мен ФАО арасындағы серіктестік бағдарламасы шеңберінде бірлескен жобалар жүзеге асырыла бастағанын, алдағы уақытта бұл бағыттағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

Тараптар өзара іс-қимылды одан әрі ілгерілету жолдарын талқылап, су ресурстары саласында жаңа серіктестік бағдарламасын құру мүмкіндігін қарастырды.

Кездесу соңында министр мен ФАО басшысы ұйымның штаб-пәтерінде орналасқан, барлық мүше мемлекеттер мен Хатшылық қызметкерлері үшін ашық көпфункционалды «Қазақстан» бөлмесінің ресми ашылу салтанатына қатысты.

Ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде Ермек Көшербаев бұл оқиғаның Қазақстан мен ФАО арасындағы тығыз әрі жемісті ынтымақтастық тарихындағы маңызды кезең екенін атап өтті.

Соңғы жылдары Қазақстан-ФАО серіктестік бағдарламасы шеңберінде біздің ынтымақтастығымыз ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі саласында елеулі нәтижелерге жеткізді. “Қазақстан” залының ашылуы – тек достық пен өзара құрметтің нышаны ғана емес, көпжақты ынтымақтастықтың ортақ мақсаттары мен қағидаттарына адалдығымыздың айқын дәлелі, – деді министр.

Өзгелердің жаңалығы