Әлеуметтік желіде тараған бір бейнежазба қоғамды елең еткізді. Онда Риддер қаласының кәмелетке толмаған тұрғыны қолына мұздатылған жануардың денесін ұстап тұрған сәті түсірілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көпшілік бұл әрекетті жануарларға жасалған қатыгездік ретінде қабылдап, қыздың жауапқа тартылуын талап етті.
Оқиға резонанс тудырғаннан кейін жасөспірім қыз ата-анасымен бірге Риддер қалалық полициясына жеткізілген. Ал кейбір желі қолданушылары мәселенің астарына үңіліп, қыздың өлі жануарлардың денесін жинап, таксидермиямен – яғни тұлып жасау өнерімен айналысуы мүмкін екенін алға тартты.
Бұл жайтқа байланысты Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, кәмелетке толмаған қызбен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, оқиғаға қатысты материалдар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданған.
БАҚ-та тараған кейбір ақпараттарда қыздың психоневрологиялық диспансерде есепте тұруы мүмкін екені айтылды. Алайда бұл дерек әзірге ресми түрде расталған жоқ.