Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы тұрғынының ауласында тұрған 3 жарым тонна пішен отқа оранды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Риддер қаласы Пролетарская көшесіндегі жеке тұрғын үйдің аумағында өрт шыққан.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жетті. Сол кезде ауладағы 3,5 тонна пішен өртеніп жатқан. Көп ұзамай өрттің беті қайтты, - делінген ақпаратта.
Қызыл жалынды ауыздықтауда жеке құрамнан 6 адам және 2 техника жұмылдырылған. Алдын ала дерек бойынша, өрттің шығуына – отты абайсыз пайдалану немесе қасақана өрт қою себеп болуы мүмкін.
Осы ретте, ТЖД қызметкерлері өңір жұртшылығына өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтап, барынша абай болу қажеттігін ескертті. Тұрғын үй жанындағы сарайлардың төбелеріне пішен жинауға болмайды. Жем-шөп жиналған жер ғимараттарға, құрылыстарға кемінде 50 метр қашықтықта орналастырылуы қажет.