Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған заманауи көпсалалы аурухана кешенінің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін нысанды облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова барып көрді.
Жаңа медициналық кешен 200 төсек-орынға арналған стационар мен бір ауысымда 500 адамды қабылдай алатын емханадан тұрады. Жобаның жалпы құны 34,8 млрд теңгені құрады. Құрылысты «Элхон» ЖШС жүзеге асырған. Нысан пайдалануға қабылданды.
Облыс әкімінің айтуынша, бұған дейін аурухананың негізгі корпустары, оның ішінде балалар бөлімі, 80 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Жаңартылған кешен енді Риддер қаласының ғана емес, жақын маңдағы елді мекендер тұрғындарына да қызмет көрсететін заманауи көпсалалы медициналық мекемеге айналады.
Аурухана кешенінің құрылысы Қазақстан Республикасының «Мемлекетке заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы» заңы аясында мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен жүзеге асырылды. Жалпы аумағы 40 мың шаршы метрден асатын үш қабатты ғимарат қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған.
Кешен құрылымында тәулік бойы жұмыс істейтін стационар және күндізгі стационар жағдайында мамандандырылған медициналық көмек, паллиативтік көмек, сондай-ақ консультациялық-диагностикалық және алғашқы медициналық-санитарлық қызмет көрсету қарастырылған. Қазіргі таңда тиісті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары аяқталу үстінде, содан кейін аурухана кешені науқастарды қабылдай бастайды.