Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері "Бәйтерек" холдингіне басшылық лауазымға тағайындалды. Бұл туралы баспасөз қызметі хабарлады.
Холдинг мәліметіне қарағанда мамандар бұған дейін де осы мекемеде қызмет атқарған.
Холдингтің Жобалық қаржыландыру және МЖӘ департаментінің жоба жетекшісі Ернар Мыңжанов "Қазына Капитал Менеджмент" АҚ-ның еншілес ұйымы "Baiterek Venture Fund" АҚ инвестициялық департаментінің директоры болып тағайындалды.
Ернар Мыңжанов Қазақстан-Британ техникалық университетін және "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша Манчестер университетін бітірді.
2018 жылдан бастап "Бәйтерек" холдингінде жұмыс істейді және инвестициялық жобаларды қаржылық құралдармен қамтамасыз ету мәселелерімен айналысады.
Президенттік жастар кадрлық резервінің тағы бір өкілі, "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ операциялық тәуекелдер басқармасының басшысы Ерболат Даданбаев "QazTech Ventures" АҚ тәуекелдерді басқару департаментінің директоры болып тағайындалды.
Бұл екі компания да "Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы.
Ерболат әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін "Қаржы" мамандығы бойынша бітірді. Ол он жылдан астам уақыт елдің ірі қаржы ұйымдарында жұмыс істеді, оның ішінде үш жыл ҚДБ операциялық тәуекелдер басқармасының бастығы болды.