Жолаушылардың құқығын күшейтуге арналған бірқатар түзету енгізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ИИДМ Азаматтық авиация комитеті 2021-2022 жылдар кезеңінде жолаушылардан түскен өтініштерге сәйкес жүргізілген талдау қорытындысы бойынша жолаушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі нормаларды күшейтуге байланысты жүйелі жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, 2022 жылдың 29-шы желтоқсанында «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңға тиісті түзетулер мен 2023 жылдың 14-ші наурызында Жолаушыларды, жолжүгін және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау ережелеріне өзгерістер енгізілді.
Соған сәйкес:
Авиакомпаниялардың жолаушылар алдындағы жауапкершілігін күшейту үшін «рейс мәртебесін өзгерту» ұғымын енгізу. Бұған дейін жылы тамақ ұсыну, қонақ үйде күнелту және оған барып қайту қызметтері рейс кешіктірілген немесе тоқтатылған жағдайда ғана беріліп келгенін атап өткен жөн. Енді тасымалдаушылар жоғарыда аталған қызметтерді рейстің ұшып келу уақытына немесе бағытына әсер ететін кез келген өзгерістер кезінде ұсынуға міндетті.
Егер де жолаушы авиакомпанияның қызметін пайдалануға шектеуі (осыған дейін аталған норма болмаған) тұлғалардың тізімінде болған жағдайда тасымалдаушының бастамасымен әуе тасымалы тоқтатылуы мүмкін. Аталған норма «қара тізімдегі» деструктивті жолаушыларға байланысты енгізіліп отыр. Авиакомпания жолаушының іс-әрекеттерінен әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық белгілері байқалған жағдайда ғана қара тізімге қосуға құқылы.
Жолаушыны жеке телефон нөмірі мен электронды поштасы арқылы рейстің кешігуі, сондай-ақ оның бұл жағдайдағы құқықтары туралы міндетті түрде хабардар ету (бұл норма қарастырылмаған еді). Бұған дейін мұндай жұмыс ерікті түрде жүргізіліп келді. Бірақ жекелеген компаниялар бұл тәжірибені мүлдем ұстанбаған, ал кейбір жағдайда ақылы негізде қызмет көрсеткен. Бұл ретте авиакомпаниялар рейс мәртебесінің өзгеруі мен жаңа ұшу уақытының себептері туралы немесе жаңа маршрут жөнінде хабарландырудан бөлек, аталған өзгерістер тасымалдаушының кінәсінен иә болмаса ұшақтың кешігуінің салдарынан орын алған жағдайда рейс мәртебесінің өзгеруіне байланысты ұсынылатын қызметтер тізбесі жөнінде тасымалдаушы ұйым жолаушыларды құлағдандыруға міндетті екенін айта кеткен орынды. Осыған байланысты еліміздің авиациялық билігі жолаушылардан билеттерді сатып алу кезінде жеке байланыс мәліметтерін (ұялы нөмір мен электронды мекенжайды) көрсетуін сұрайды.
Тасымалдаушы ұйымның кесірінен рейс мәртебесі өзгерген жағдайда қызмет көрсету мен 3% мөлшерінде айыппұлды төлеу түрінде әуе компаниялардың жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ айыппұл өтелмеген жағдайда әкімшілік жауапқа тартудың жолдарын қарастыру (бұған дейін бұл тәртіп болмаған). Жүргізілген талдау жекелеген қызмет ұсынушының жолаушыларға өтемақыны уақтылы төлемейтінін көрсетті. Өкінішке қарай, авиакомпаниялардың ұшу күнінен бастап 6-7 ай көлеміне дейін өтемақыны төлемеген фактілер тіркелген. Жоғарыдағы норма рейсті кешіктіргеніне байланысты өтемақыны уақтылы төлемейтін ұйымдарға тиісті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.
Рейстің мәртебесі 5 сағат артық уақыттан кейін өзгерген кезде қаражатты толық қайтару немесе қайта брондау құқығын енгізу. Осыған дейін тиісті заңда билет ақшасын қайтару рейс 10 сағаттан артық уақыт асқан жағдайда ғана толық көлемде өтеліп келді. Алайда 10 сағат өткеннен кейін әуе тасымалының өзектілігі жойылып кететіні ескеріліп, бұл уақыт 5 сағатқа дейін қысқарды. Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі алдағы уақытта келіп түсетін өтініштерге талдау жүргізіп, қажет болған жағдайда халықаралық стандарттар мен әлемдік үрдісті ескере отыра осы бағыттағы заңнаманың талаптарын қайта қарайтын болады.