Рецептісіз дәрі сатқан фармацевтер жауапқа тартылды

Ішкі істер министрлігі "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында заңсыз дәрі айналымына қарсы күресті күшейтіп жатыр.

 gov.kz Бүгiн 2026, 13:06
Бүгiн 2026, 13:06
123
Фото: gov.kz

ІІМ “Дәрмек” операциясы барысында 16 қылмыстық іс қозғап, 500 мыңнан астам дәрінің заңсыз айналымын тоқтатты. Дәріханалар мен медқызметкерлер жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Polisia.kz мәліметінше, елімізде 30 наурыз бен 3 сәуір аралығында “Дәрмек” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Оның негізгі мақсаты – есірткі және психотроптық әсері бар дәрілердің заңды айналымын бақылау және заң бұзушылықтардың алдын алу.

Іс-шара барысында бірқатар заңсыз әрекеттер әшкереленді. Атап айтқанда, әсері күшті дәрілік заттарды заңсыз сату фактілері бойынша 16 қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, дәріхана қызметкерлеріне қатысты 13 қылмыстық іс тіркелді.

Тексеру барысында мыңнан астам медициналық мекеме мен 300-ге жуық кәсіпорын қамтылып, 209 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Нәтижесінде 500 мыңнан астам дәрі-дәрмектің және 1,5 мың тонна прекурсордың заңсыз айналымына тосқауыл қойылды.

Сондай-ақ, 73 кәсіпорын басшысы жауапкершілікке тартылып, 136 медицина қызметкеріне қатысты материалдар жиналды.

Жекелеген өңірлерде ірі заң бұзушылықтар тіркелді. Мәселен, Алматы қаласында рецептісіз дәрі сатқан төрт дәріхананың фармацевттеріне қатысты қылмыстық істер қозғалды. Ақтөбеде ірі фармацевтикалық мекемеден 400 мың дана дәрі тәркіленді.

Ал Түркістан облысында 100 тонна күкірт қышқылы арнайы күзетсіз тасымалданғаны анықталса, Абай облысында 680 тонна прекурсорды тасымалдау ережелері бұзылған.

Ішкі істер министрлігі мұндай заң бұзушылықтардың қоғам үшін аса қауіпті екенін ескертті. Ведомство өкілдері заң талаптарын бұзғандарға қатаң жауапкершілік қарастырылғанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.

Наверх