Республикалық жолдарда 162 су басу оқиғасы тіркелген

15 Сәуір 2024, 17:35
511
Бөлісу:
Республикалық жолдарда 162 су басу оқиғасы тіркелген
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Елімізде су басқан аймақтарда жол қозғалысына шектеулер енгізілді деп, хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында КМ автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Өтенбаев мәлімдеді.

Бүгін, 15 сәуір күнгі жағдай бойынша халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ауа райының жылынуы мен қардың тез еруі салдарынан 3 облыстағы (Ақмола, СҚО, Қостанай) 9 жол жүру учаскесінде жалпы ұзындығы 6200 метр болатын су басу жағдайлары болды. 5 облыстағы (Ақтөбе, Ақмола Атырау, Қостанай, СҚО) республикалық маңызы бар ұзындығы 411 шақырым болатын автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды. Атап айтқанда, Ақтөбе облысында Қандыағаш пен Ембі қалалары арасындағы «Қандыағаш – Ембі – Шалқар - Ыргыз» республикалық маңызы бар жол учаскесінде қозғалыс шектелген. Атырау облысында «Мұқыр-Құлсары» автомобиль жолындағы Доссор кенті мен Құлсары қаласы арасында шектеу енгізілді,-деді спикер.

Сонымен қатар, СҚО, Қостанай өңірлерінде автомобиль қозғалыстарына шектеу енгізілген.

Қостанай облысында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы бейтарап белдеуде орналасқан Желқуар өзенінде еріген судың күрт келуіне байланысты «Мариновка ауылына кіреберіс» автомобиль жолында шектеу енгізілді. Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне және автомобиль жолдарының жүріс бөлігі арқылы еріген судың басып кетуіне байланысты республикалық маңызы бар жолдардың алты учаскесінде қозғалыс шектеулері енгізілді. Амангелді ауылы мен Покровка арасындағы «Жезқазған-Петропавл» автожолында, сондай-ақ 952-954 километр учаскесінде автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс шектелген,-деді Ғалымжан Өтенбаев.

Бұдан бөлек, «Челябинск-Новосибирск» автомобиль жолында Мамлют айналымынан Петропавл қаласының 20 шағын ауданының айналымына дейін жол жүруге рұқсат жоқ. «Петропавл қаласын айналып өту» автомобиль жолында 3-тен 8 шақырымға дейінгі учаскеде және оңтүстік бақылау-өткізу пункінен Петропавл қаласының Караванная көшесіне дейінгі учаскеде қозғалыс шектелген.

Петропавл – Соколовка - Ресей Федерациясының шекарасы автомобиль жолының Якорь ауылынан Қызылжар бақылау-өткізу пунктіне дейінгі учаскесінде көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жоқ. Есіл өзеніне су деңгейінің көтерілуіне байланысты Қостанай облысының Арқалық қаласы мен Ақмола облысының Державинск қаласы арасында «Жезқазған-Петропавл» автомобиль жолында автокөлігінің барлық түрлері үшін қозғалыс шектелді,-деді Ғалымжан Өтенбаев.

Су тасқыны басталғалы республикалық жолдарда барлығы 162 су басу оқиғасы тіркелген.

Жалпы ұзындығы 618 шақырым болатын 9 учаскеде автокөлік құралдарының барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды. Одан басқа елді мекендерге қауіп төндірмеу үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ұзындығы 70 метр болатын 8 учаскеде еріген қар суын өткізу үшін жол төсемін мәжбүрлі түрде бұзу бойынша жұмыстар жүргізілді,-деді спикер.

Өзгелердің жаңалығы