Республикалық "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы бастау алды

8 Сәуір 2024, 12:51
3769
Бөлісу:
Республикалық "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы бастау алды
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

8 сәуір күні республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Науқан 5 аптаға созылады. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты болмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Науқанның алғашқы күнінен 13 сәуірге дейін созылатын бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Бастапқы жеті күн ішінде елдімекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалайды.

20 сәуірге дейін жалғасатын екінші аптаға «Киелі мекен» аты беріледі. Бұл күндері тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. 

27 сәуірге дейінгі үшінші аптаға «Жасыл аймақ» тақырыбы қойылып, бұл апталықта ағаш көшеттері отырғызылады және ағаштар әктеледі. 

«Өнегелі ұрпақ» деп аталған келесі апталық 4 мамырға дейін жалғасады. Айтылған күндері ардагерлер мен қарттардың аулалары тазаланып, оларды абаттандыруға көмек беріледі. «Мөлдір бұлақ» аты берілген соңғы, бесінші аптада су айдындары – өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады.

Акцияға еліміздің өңірлері қосылуда. Мысалы, республикалық акция Алматы қаласында «Алматы – біздің ортақ үйіміз» жалпықалалық науқаны аясында өтеді. Оның мақсаты: 

  • қала тұрғындары арасында қоғамдық мәдениет деңгейін арттыру;
  • қалалық мүлікке ұқыпты қарауға үйрету;
  • қоғамдық орындардағы дөрекілік пен қоғамға жат теріс мінез-құлыққа тосқауыл қою;
  • вандализмге қарсы қоғамдық сана тәрбиелеу;

Игі бастама аясында қазақстандықтар ынтымақ пен өзара көмекке үйрететін, жақсы қасиеттерді насихаттайтын қайырымдылық және мәдени іс-шаралар өтеді.  

Өзгелердің жаңалығы