Республикалық штаб өкілдері Өскеменде өңір жұртшылығымен кездесті

1 Маусым 2022, 14:25
1858
Бөлісу:
Республикалық штаб өкілдері Өскеменде өңір жұртшылығымен кездесті
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Өскемендегі Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі республикалық штаб өкілдері облыс жұртшылығымен өңіраралық көшпелі кездесу өткізді. 

Оған Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мәслихаттарының депутаттары, қоғамдық штабтарының өкілдері қатысты. 

Келелі жиынды ашқан референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі республикалық штабтың төрағасы Төлеубек Мұқашев көпшілікті өз жұмыстары туралы хабардар етті.

Референдумды қолдау штабы Мәжіліс депутаттарының бастамасымен құрылған болатын. Алғаш жасақталған сәттен бастап штаб мүшелері жер-жерлерде түрлі топтармен ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұған дейін еліміздің оңтүстік, солтүстік және батыс өңірлерінде жұртшылықпен кездесіп, конституциялық реформаны бірлесе жан-жақты талқыладық, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін жазып алдық, – деді Төлеубек Төлеуұлы.

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Денис Рыпаков соңғы бір ай көлемінде депутаттардың Конституцияға енгізілгелі отырған түзетулерді бұқара халыққа түсіндіру жұмысымен жүйелі түрде айналысып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, Ата заңға енгізілетін өзгерістер өте ауқымды, олардың әрқайсысы ел үшін маңызды және жете түсіндіруді қажет етеді.

Конституциялық реформаны тағдыршешті ұйғарым деп қабылдаймын. Сол себепті мұндай түбегейлі өзгерістерді бүкіл ел болып қабылдайтынымыз дұрыс болды. Егер Ата заңның ұсынылып отырған жобасы қабылданса, мәслихат депутаттарының өкілеттігі біршама артады. Ал бұл ең алдымен әрқайсымызға үлкен жауапкершілік жүктемек. Біздің депутаттар бұған толық әзір. Әділетті Қазақстан үшін бәріміз біркісідей дауыс берейік дегім келеді, – деді ол. 

Республикалық кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев елдегі 17 мыңға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымы конституциялық реформалардың мән-маңызын түсіндіру ісіне белсенді қатысқандарын алға тартты. Бір айға толмас уақыт ішінде олар тарапынан БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде 2 мыңнан астам материал жарияланған екен.

 Ата заңға өзгерістер енгізу қоғамды демократияландыру жолындағы – алғашқы қадам. Екінші кезекте 20-дан астам Конституциялық заңға түзетулер енгізіледі. Бұл – бір жылдай уақытты алатын ауқымды іс. Кәсіподақтар ісіне Конституциялық соттың құрылатыны өте тиімді болып отыр. Ата заңға қарама-қайшы келетін заң нормалары бойынша біз бұрын Мәжіліс арқылы Конституциялық кеңеске жүгінетінбіз. Енді тікелей сот дәрежесіне көтерілген органға шыға аламыз. Бұл саладағы мәселелерді жедел шешуге септігін тигізері сөзсіз, – дейді Нұрлан Өтешев.

Референдумды қолдау жөнінідегі Шығыс Қазақстан облыстық штабының төрағасы Олег Чернышов конституциялық реформаларды төрт кезеңге бөліп қарастырды. Алғашқысы – Президенттің Ата заңға енгізілетін түзетулерді жалпыхалықтық референдумға шығару туралы шешім қабылдауы. Бұл шешім 29 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында айтылған. Екінші кезеңге жер-жерлерде референдумды қолдау штабтарының құрылуын жатқызуға болады. Мәселен, Шығыс Қазақстандағы штаб кесте бойынша жұмыс істеп келеді. Осы күнге дейін олар 1600 іс-шара өткізіп, 200 мыңнан астам адамға үгіт-насихат жүргізген. Облыс аумағында 600-ден астам ақпараттық баннер ілінген. Облыстық «Дидар», «Рудный Алтай» газеттерінің 370 мың данамен референдумға арналған саны жарық көрді. Ол материалдар кейін қалалық-аудандық газеттерде басылды. Үшінші кезең – референдум өтетін күн. Сол кезде қазіргі түсіндіру жұмыстарының нәтижесін көре аламыз. 

Төртінші және ең маңызды кезең – заң шығару кезеңі. Қабылданатын заңнамалар тиімді әрі сапалы болуы шарт. Ол үшін қазіргі штабтарды сақтаған жөн. Тұрғындардың талап-тілектерін біліп отырмыз, заң қабылдағанда олар барынша толық ескерілуі тиіс. Бұл ретте штабтар көп көмегін тигізе алады, – деді Олег Чернышов.

Облыстық штабтың бұл ұсынысын Төлеубек Мұқашев қолдап, мұндай игі бастамаға өзге өңірлердегі әріптестер де қарсы болмайтынын жеткізді. 

Облыстағы прокуратура органдары ардагерлер кеңесінің жетекшісі Ғазиз Найзабаев Ата заңға өзгерістер енгізу заманның талабы мен қоғамның сұранысы болғанын атап, түзетулерден кейін азаматтардың құқығы барынша қатаң қорғаларына сенім білдірді. Өйткені, Негізгі заңға азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды көздейтін Конституциялық сот, адам құқықтары жөніндегі жедел уәкіл институттары енгізілмек.  

Жиында Бесқарағай аудандық референдумды қолдау жөніндегі қоғамдық штабтың төрағасы Ерболат Рахметуллин, Алтай аудандық мәслихатының  хатшысы Лариса Гречушникова сөз алып, өз өңірлеріндегі референдумға дайындық барысын баяндады.

Кездесу соңында жиналғандар өзара пікір алмасып, ел тұрғындарын алдағы маңызды саяси науқанға біркісідей жұмыла қатысуға үндеді.

Өзгелердің жаңалығы