28-29 шілде аралығында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов Ақтөбе мен Атырау облыстарында жұмыс сапарымен болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі мәлімдейді.
Онда ол жалпы ұзындығы 722 шақырымды құрайтын «Ақтөбе-Қандыағаш», «Қандыағаш-Мақат» және «Атырау-Астрахань» жолдарындағы құрылыс жұмыстарының барысын тексерді.
Ақтөбе облысында Алмаз Ыдырысов «Ақтөбе-Қандыағаш» жолының қайта жөндеу жұмыстарымен танысып, Темір ауданының Шұбарқұдық ауылында жергілікті атқарушы органдар, құрылысты қадағалау жөніндегі кеңесшілер, мердігерлік ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жиын өткізді. Жолға қатысты туындаған мәселелер мен сұрақтар қарастырылып, жергілікті халық өз ұсыныстарын жеткізген болатын. Бұл жоба бойынша, жолдың құрылымдық қабаттарын салу жұмыстары әлі де жалғасуда, сондықтан вице-министр құрылыс жұмыстарының қарқынын жеделдетуге және жұмысты белгіленген мерзімге дейін сапалы аяқтауға нақты тапсырма берді.
Сонымен қатар, вице-министр Атырау облысы Жамансор ауылында өндірістік базада 7 лотты қамтитын және жалпы 304 шақырымды құрайтын «Қандыағаш-Мақат» жобасы бойынша жиын өткізсе, «Атырау-Астрахань» жобасының құрылыс-монтаждау жұмыстарын талқылау үшін арнайы жиынды Аққыстау өңірі мен Исатай станциясында өткізді. Жиын барысында жергілікті мердігер ұйымдардың өкілдері құрылыс жұмыстарына қажетті инертті материалдардың облысқа уақытылы жеткізуде қиындықтың барына тоқталды. Осыған орай, Алмаз Ыдырысов «ҚазАвтоЖол» ұлттық операторына бұл мәселені тез арада шешуді тапсырды.
Сондай-ақ, вице-министр Атырау облысының әкімі Серік Шапкеновпен кездесіп, жұмыс сапары барысында туындаған мәселелерді талқылады.
Ескеретін жайт, 2019-2021 жылдар аралығында «Атырау-Астрахань» автожолының бірінші кезеңінде, Ресеймен шекарадан Ганюшкино ауылына дейін 60 шақырымдық жол қайта жөнделген. Ал, қазіргі кезде қайта жөндеу жұмыстары - ұзындығы 217 шақырымды құрайтын учаскелерде жүргізілуде.