Республикалық маңызы бар жолдар барлық бағыттар бойынша ашық, деп хабарлайды BAQ.KZ «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Республикалық маңызы бар тасжолдарды қардан тазалап, құм-тұз қоспасымен өңдеуге 230 бірлік арнайы техника мен 300 маман жұмылдырылды. Демалыс күндері күре жолдарға 300 м3-тен астам құм-тұз қоспасы себілді.
26-27 желтоқсан аралығында еліміздің 9 өңірінің республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 40-тан астам рет қозғалысқа шектеу енгізілді. Жолшылар республикалық трассаларда қар құрсауында қалған 300-ден астам жүргізушіге көмек көрсетті.
Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар тасжолдар ашық.
ҚазАвтоЖол мамандары жолдың жай-күйіне тәулік бойы мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Өткен демалыс күндері ғана 1403 қысқа нөмірі бойынша жұмыс жасайтын call-орталықтың операторлары республикалық трассаларды пайдаланушылардан келіп түскен 2000-нан астам қоңырауды өңдеді.