Республикалық маңызы бар автожолдардың ұлттық операторы "ҚазАвтоЖол" ҰК"АҚ жол бойында орналасқан қызмет көрсету нысандарының желісін дамыту әрі кеңейту бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәселен, А-1 "Нұр-Сұлтан-Щучинск" тас жолының бойында кезекті рет жол бойында орналасқан қызмет көрсету нысаны ашылды. Бұл нысан қазақ киіз үйінен және оның жанында салынған санитарлық-гигиеналық тораптан тұрады.
ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлағандай, республикалық маңызы бар тас жолдың бойында ұлттық киіз үйді орнату идеясы ұлттық компанияға көмек көрсету және демалыс алаңын бөлу өтінішімен жүгінген шағын және орта бизнес өкіліне тиесілі. Айта кетейік, аталмыш күре жолда киіз үй алғаш рет орнатылып отыр. Алдағы уақытта киіз үйлер санын арттыру жоспарда бар.
Менің негізгі мақсатым — мәдениетімізді, ұлттық тағамдарымызды, салт -дәстүрімізді елге келген туристерге кеңінен паш ету. Біз құндылықтармызды әрқашан дәріптеуіміз қажет. Қазір елімізге шет елдерден келіп жатқан жолаушылар саны едәуір артты. Осы киіз үйде ұлттық тағамдар – құрт, шұбат, қымыз, айран, көже сатуды жоспарлап отырмыз. Бұл отандық өнім болмақ. Киіз үйдің іші толықтай жылытылады. Сол себепті қыс уақытында да жұмыс істейміз, - деп бөлісті ШОБ өкілі Дәулен Айтбай.
Ал автокөлік жүргізушілерінің ыңғайлылығы үшін киіз үйдің жанында жаңа санитарлық-гигиеналық торап орнатылды.
Жылы әрі абаттандырылған санитарлық-гигиеналық торап жыл бойы жұмыс істеп тұрады. Автомобиль жолдарын пайдаланушылар оны тегін пайдалана алады. Санитарлық-гигиеналық торап ерлерге, әйелдерге және ерекше қажеттілігі бар тұрғындарымызға арналған бірнеше кабиналардан тұрады, - деп атап өтті "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының жол бойындағы сервисті дамыту бөлімінің басшысы Диас Арынов.
Естеріңізге сала кетейік, биыл жол бойында орналасқан қызмет көрсету нысандарының саны 80-ге артпақ, бұл 500 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жалпы бүгінгі күні республикалық маңызы бар трассалардың бойында 1600-ге жуық жол бойындағы қызмет көрсету нысандары жұмыс істеп тұр.