Еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі республикалық күре жолдарда көктемгі тазалық жұмыстары басталды: жолшылар 300 тоннадан астам қоқыс шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАвтоЖолға сілтеме жасап.
Жолшылар еліміздің оңтүстігінде орналасқан республикалық маңыздағы күре жолдарды көктем мен жаз айларына дайындап жатыр. Мәселен, Жетісу, Алматы, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының республикалық трассаларында көктемгі тазалық жұмыстары басталып кетті.
Мамандар республикалық жолдардың жиегіндегі қоқысты жинап, жол белгілерін, шудан оқшаулайтын қондырғыларды, бағыт-бағдар көрсетілген тақтайшаларды, аялдамалар мен демалыс алаңдарын тазалауда. Көктемгі тазалық жұмыстары аясында жолшылар 300 тоннадан астам қоқыс жинады (бұл шамамен 100 рейс). Бұл өңірде көктемгі тазалық жұмыстары әлі де жалғаспақ.
Мамандар жол пайдаланушылары көлік терезесінен тастаған қоқыстың едәуір санын шығару үшін біраз уақыт кетіп жатқанын айтты. Жолшылар көлік жүргізушілерін қоқысты арнайы бөлінген орындарға тастауға шақырады.
Қалған өңірлердегі республикалық тасжолдарда көктемгі тазалық жұмыстары күн жылына басталысымен қолға алынады.