Республика күніне орай Қазақстанда ауқымды жеңілдіктер мен жаппай сатылымдар өтеді

17–27 қазан аралығында еліміздегі сауда орындарында тауарларға 10%-дан 50%-ға дейін жеңілдік жасалады.

 Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі 17 Қазан 2026, 13:52
17 Қазан 2026, 13:52
133
Фото: Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі

Елімізде Республика күні қарсаңында ауқымды сауда науқандары ұйымдастырылады. 17 қазаннан бастап Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және еліміздің басқа өңірлерінде Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары басталады. Олардың аясында сатып алушыларға түрлі тауарлар жеңілдетілген бағамен ұсынылады. Өнімдердің жекелеген санаттарына 10%-дан 50%-ға дейін жеңілдік жасалады.

Мерекелік ұсыныстардың ең қызған кезеңі 21-27 қазан аралығына сәйкес келеді. Осы күндері акциялардың негізгі бөлігі, арнайы баға ұсыныстары мен мерекелік сатылымдар өтеді. Сатып алушылар азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларды тиімді бағамен сатып ала алады.

Ауқымды жеңілдіктер еліміздің үш ірі қаласындағы танымал сауда орталықтары мен өңірлерде ұйымдастырылады. Мәселен, Астанада Republic Day акциясына «MEGA Silk Way» және «Хан Шатыр», Алматыда «MEGA Alma-Ata», «MEGA Park» және «Forum Almaty», ал Шымкентте «Mega Planet» пен «Shymkent Plaza» сауда орталықтары қатысады.

Bereke Fest аясындағы арнайы ұсыныстарды «Magnum», «SMALL», «Астықжан» және «GraMad» сауда желілерінің дүкендерінен де табуға болады.

Жалпыреспубликалық науқанды Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырып отыр.

Акциялар ұлттық мерекеге орай өткізіліп, халық үшін қажетті тауарлардың қолжетімділігін арттыруды, тұтынушылық сұранысты қолдауды және ішкі саудаға қосымша серпін беруді көздейді. Сондай-ақ отандық өндірушілердің өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінеді.

Мерекелік сатылымдарға қатысатын сауда орталықтары мен дүкендер туралы ақпаратты тиісті өңірлердің әкімдіктері ресми интернет-ресурстарында жариялайды.

Наверх