Республика күніне орай Қазақстанда 10 жаңа білім беру нысаны ашылды

Олардың қатарында мектептер, балабақшалар, оқушылар сарайлары және инновациялық оқу орталығы бар.

 Оқу-ағарту министрлігі 23 Қазан 2026, 21:51
23 Қазан 2026, 21:51
113
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Республика күні қарсаңында Қазақстанның бірнеше өңірінде 10 жаңа білім беру нысаны пайдалануға берілді.
 
Олардың қатарында мектептер, балабақшалар, оқушылар сарайлары және инновациялық оқу орталығы бар.

Астанада 1 500 орынға арналған екі оқушылар сарайы ашылды. Алматыда жалпы 880 балаға арналған үш балабақша жұмысын бастады.

Шығыс Қазақстан облысының Қыстау-Күршім ауылында 50 оқушыға арналған мектеп есігін айқара ашты.

Жетісу облысында Талдықорған қаласындағы 300 орындық мамандандырылған "Білім-инновация" лицей-интернатының жаңа ғимараты және Көксай ауылындағы 60 орындық мектеп пайдалануға берілді.

Ал Ұлытау облысының Қаражал қаласында 80 орындық №5 мектептің жаңа ғимараты ашылды.

Ақтөбе қаласында 300 орындық Aqtobe IT Hub инновациялық оқу орталығы іске қосылды. Мұнда балалар жасанды интеллект, робототехника, 3D-модельдеу, бағдарламалау және цифрлық медиа бағыттарын меңгере алады.

Айта кетейік, 2019 жылдан бері Қазақстанда 1,1 млн оқушы орнына арналған 1 342 мектеп салынған. Білім беру инфрақұрылымын дамыту, оқушы орындарының тапшылығын азайту, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу жұмыстары жалғасып жатыр.

Наверх