Мәдениет және спорт министрлігі Геральдикалық зерттеулер орталығы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 3656 әскери бөлімінің ұйымдастыруымен «Айбынды елім ұраным!» атты Республика күніне орай патриоттық- танымдық кеш өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Патриоттық-танымдық кешке Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұма, Ұлттық ұланының 3656 әскери бөлімі қолбасшылары мен сарбаздары, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мамандары және «Гүлзар Ғабдрахман эстрада» мектебі өнерпаздары қатысты.
Құттықтау сөз сөйлеген Асылбек Байжұмаұлы мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиеті жайлы ой бөлісті.
Геральдикалық түсініктермен қарасақ, мемлекеттік рәміздеріміздің ішінде біздің түгел тарихымыздың танымы тұр деуге болады. Сондықтан да, Мемлекеттік Туды, Елтаңбаны қадірлеу біздің басты мақстымыз, - деді ол.
Патриоттық- танымдық кеште «Гүлзар Ғабдрахман эстрада» мектебі ұстаздары мен шәкірттерінің орындауында отан, туған жер туралы отансүйгіштік рух беретін әндер шырқалып, ұлт болмысы күмбірлеген күй тартылды.
Сонымен қатар Ұлттық академиялық кітапханасы әзірлеген елдік сана мен егемендік тарихынан сыр шертетін кітап көрмесін тамашалады.
Отан қорғаушы сарбаздар арасында Республика күніннің мән-мағанасын түсіндіру, ұлттық рухты ояту, мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін ұғындырып, патриоттық сезім, ұлттық мақтаныш, отансүйгіштік сананы дәріптеу мақсатында өткен шараның соңында өнер көрсеткен өнерпаздар арнайы алғыс хаттармен марапатталды.