Республика күніне орай елордада әйелдер арасында волейболдан жарыс өтіп жатыр

Кеше, 15:22
191
Бөлісу:
Республика күніне орай елордада әйелдер арасында волейболдан жарыс өтіп жатыр
PHOTO
Фото: Елорда әкімдігі

Астанада Республика күні қарсаңында волейболдан әйелдер арасындағы жарыс өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Байқоңыр ауданындағы Жұмабек Тәшенов атындағы №10 мектеп-гимназиясында екінші мәрте ұйымдастырылып жатқан бәсекеде 8 команда чемпиондық атақты сарапқа салып жатыр.

Республика күніне орай елордада әйелдер арасында волейболдан жарыс өтіп жатыр

Олардың арасында Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы, Жұмабек Тәшенов атындағы №10 мектеп-гимназиясы, №31 мектеп-гимназия, №5 мектеп-гимназия, Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейі, №3 арнайы мектебі, Қасым Қайсенов атындағы №27 мектеп-лицейі мен Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы бар.

Жеребе қорытындысы бойынша, алғашқы кездесуде былтырғы чемпион Жұмабек Тәшенов атындағы №10 мектеп-гимназиясы мен Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейінің жолдары түйісті.

Алғашқы раунд олимпиадалық жүйе бойынша өтетіндіктен, жеңілген ұжым бірден турнирмен қоштасатын еді. Сондықтан қос тарап та аянып қалмай, әр доп үшін жанталасты. Алғашқы 2 сетте командалар жеңіспен алмасса, нағыз жанталас шешуші сетте өрбіді. Алғашқыда 7:2 есебімен Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейінің арулары сенімді түрде алда тұрғанымен, алаң иелері тез арада жинақталып, қарсыластың қателесуіне жол берді. Нәтижесінде 15:11 есебімен Жұмабек Тәшенов атындағы №10 мектеп-гимназиясының мұғалімдері жеңісті жұлып алды. Енді олар жартылай финалда айналмалы жүйе бойынша чемпиондық атақтарын қорғауға тырысады.

Республика күніне орай елордада әйелдер арасында волейболдан жарыс өтіп жатыр

Өздеріңіз байқағандай, ешкім оңайшылықпен жеңілгісі келмейді. Жарыс болған жерде міндетті түрде бәсекелестік болады. Республика күніне орай екінші мәрте ұйымдастырылып жатқан жарысымыз тек әйелдер арасында өтеді. Бұл да өзіндік ерекшелік. Жас шектеуі жоқ. Осындай турнир арқылы мектеп қызметкерлері салауатты өмір салтын ұстанып қана қоймай, өзара байланысын арттырып, жаңа таныстықтарға жол ашады. Ал бәсекеге келетін болсақ, барлық жеңімпаздардың есімі бүгін белгілі болады, - деді жарыс ұйымдастырушысы Қанағат Саятулаев.

Турнир соңында жеңімпаздар мақтау қағазымен, медальмен және арнайы кубоктармен марапатталады.

Өзгелердің жаңалығы