25 қазан Республика күнін Алматыдағы Тергеу изоляторының шаруашылық жасағындағы сотталғандар да көтеріңкі көңілмен қарсы алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тергеу изоляторында жазасын өтеп жүргендер ұйымдастырған кештің ең қадірлі қонағы – 90-шы жылдардың хитмені атанған әнші Парвиз Назаров болды. Ол өзінің репертуарынан «Крестная мать», «Еду на юг», «Атамекен» сияқты әндерін орындап, сотталғандардың көңілін көтерді. Сондай-ақ ол шаруашылық жасағындағы сотталған музыкант Бауыржанмен де бірге бірнеше ән орындады.
Мерекені № 72 мекеме бастығы әділет подполковнигі А. Аманжолов құттықтау сөзбен ашып, еліміздің ең басты мерекесінің маңызына тоқталды.
Сотталғандар даярлаған мерекелік жиында орындалған шалқыған әнмен бірге, өздерінің жүректерінен шыққан өлең де оқылды.
Егемен елім десем сенім кіріп,
Бойымды билеп кетер сенімділік.
Туған жерім Қазақстан – алып Отан
Жырлаймын қасиетіңді төгілдіріп! - деп жүрекжарды өлеңін оқыған сотталған А. жиналғандардың зор ризашылығына ие болды.
Көңілді кештің соңында Алматы қаласы ҚАЖ департаментіне қарасты №72 мекеменің бастығы Азамат Жалғасбайұлы Аманжол өнарпаз сотталғандар мен әнші Парвиз Назаровқа алғыс білдірді.