Араға 13 жыл салып, биыл елімізде 25 қазанда Республика күні атап өтілмек. Осы орайда Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі философия ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің əлеуметтік-саяси пəндер кафедрасының меңгерушісі Үмбетқан Сəрсембинмен осы мерекенің маңызы жөнінде әңгімелескен еді. Әлқисса...
— Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың І отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған болатын. Көпшілік бұл ұсынысты жылы қабылдады. Республика күнін атап өтудің маңызы неде?
— Кез келген мемлекет үшін басты құндылық — оның өз алдына дербес мемлекет, егеменді ел ретінде дамуы. Ұлт үшін бұдан асқан жетістік, байлық бар деп айту қиын. Әрбір жетістіктің негізінде мемлекет мүддесі тұрады. Сол себептен «Ел егемендігі» дегенде оның қалай келгендігі, бүгінгі бізге қандай мінддеттерді жүктейтінін білу қажет. Кеңес билігі кешегі 1980-жылдардың аяғында үлкен тоқырауға ұшырағанын мойындауға мәжбүр болды. Большевиктер құрған биліктің түбінде тығырыққа тіреліп, тоқырауға ұшырайтынын ұлт зиялылары көрегендікпен айтып кеткен еді. 1918 жылы «Қазақ» газетінде жазылған мақалада алаш зиялыларының «Большевиктер дәурені көпке бармас, бірақ большевиктің ылаңының кесірі тез арыла қоймас. Большевиктер мемлекет ісінің басынан көшер, бірақ көшкенше талайды болдырып, былғап кетер» деп айтқан сөздері тарихи шындыққа айналды. Сондықтан да 1990 жылы 25 қазан Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданған күнді тарихи күн ретінде зерделеу қажет. Тәуелсіздікті нығайту үшін егемендік керек. Тәуелсіздікті нығайту ісі жалғасады, ұрпақтан ұрпаққа табысталып отырады. Бұны жалғастыруда ерекше көзге түсетін ол — қоғамның өзіндік санасы. Өзіндік сана кез келген ел болашағына қатысты құндылықтарды тарихи негізде бойына сіңірген сайын оның болашағына қатысты түсініктің де, көзқарастың да терең қалыптасатыны анық.
Егемендік алғаннан кейін барлығы өз орнына оңай келе қалды деп айту қиын. Шындығын айтсақ біз кешегі патшаның жүргізген отаршылдық саясатының салдарынан, одан кейін кеңес билігі тұсында жүргізілген әділетсіз саясаттың салдарынан көптеген құндылықтарымыздан, соның ішінде бетке ұстар адамдарымыздан айырылдық. Елдің ғылымын, экономикасын уақыт талабына сай дамытатын талант иелерінің көбі сталиндік репрессияның құрбаны болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін осылардың барлығын орнына келтіру қолға алынды. Көптеген пайдалы істер атқарылды. Елдің егемендігін нығайтуда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі зор.
Жалпы Республика күнін ұлттық мереке ретінде атап өту жетістіктерді, алда тұрған міндеттерді зерделеу үшін қажет дер едім. Республика күнін атап өту егемендіктің мәнін ұлттық зерде биігінде ұғынуға жетелейді. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, бұл күн елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамдарының символы болуы керек.
— Сіздің пікіріңізше егемендікті күшейту жолындағы тағылым несімен ерекшеленеді?
— Елдің егемендігін зерделеу мен оның тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған дүниелердің барлығы да тарихилық принципті қажет етеді. Тарихилық принцип орын алған, сақталған, зиялылардың тағылымына айналған жерде арзан дүниелердің орын алмайтыны белгілі. Сондықтан да бұл күнді ұлттық мерекелер қатарында атап өтуде мемлекетшілдікті нығайту мәселесінің де тұрғандығы анық. Себебі тәуелсіздіктің тұғыры қашан да елдің дербес өркениетті мемлекет ретінде өмір сүру болған. Дербестікті нығайтатын мемлекетшілдік сана. Бұл да мемлекетке қажет тарихтың идеясын дұрыс зерделеуден шығады.
Қазір жер-жерлерде алдын ала түрлі шаралар ұйымдастырылады деп айтылып жатыр. Бұл, әрине, дұрыс шығар. Бірақ қандай шара өтсе де, ол қоғамға ой салатын деңгейде өтуі тиіс. Философияда сандық өзгерістердің сапаға ауысуы деген ұғым бар. Мұның мағынасы санға емес, сапаға ауысқанда кез келген бастама қоғам игілігіне айналып отырады деген түсінікке сай келеді. Сол сияқты бұл мерекені атап өтуде, алдымен, тарихтағы тұлғалар тағылымы кеңінен насихатталса деген тілек бар. Мұны ел Президенті де бұған дейін
айтқан болатын. Олар сол кездің өзінде түрлі қиындыққа қарамастан болашақ үшін мол мұра қалдырды. Тұлғалардың қалдырған мұрасы заманнан қалмайды. Мәселен, Алаш зиялыларын алып қарайық, олар аз уақыттың ішінде болашақ үшін өркениет жолындағы елдердің тәжірибесін игерді, сол жолдың деңгейінде елдің дамуына қажет дүниелерді жазып қалдырды. Ұлт зиялыларының ойынша, экономика, заң, саясат, білім, оқу мен ғылым қоғамда қалай жетілуі тиіс, жетілдіруде мемлекет, халық нені ескеруі керек? Осының барлығын олар ұрпаққа үйретіп кетті. Екіншіден, жаңа айтып өткен тәуелсіздік жылдарында атқарған істер де, жетістікте аз емес. Мұны да ескерген жөн.
Бүгінгі жаңа бастамаларды да қолдау қажет. Осының барлығын түйіндеп бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын ұстанымда болсақ, қоғам көп нәрседен әлі талай ұтады есептеймін. Түрлі саладағы әрбір басшы, қызметкер, зиялы адамдар елге жаны ашып қызмет етсе, оның тұрақтылығына өз үлестерін қосады. Қазір біз әлемдегі геосаяси мәселелер ушыққан тұста өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі жағдай ұлттық мүдде жолында біріккенде ғана кейінгі ұрпаққа пайдалы дүниелерді қалдыра алатынымызды есімізге салуда. Менің ойымша, егемендікті нығайтудағы тағылым өткенді толық біліп, бүгінгіні дұрыс зерделеуден, болашақ үшін қамданудан шығатын тәжірибе деп айтар едім.
Қоғамның болмысы терең болуы үшін мемлекетке кеңес, халыққа бағыт беретін интеллектуалдар қажет. Нағыз зиялылардың мемлекет пен халықты біріктіріп отыратын тағылымының құндылығы осында.
— Сонда бүгінгі қоғам болашақ үшін нені ескергені дұрыс?
— Болашаққа қажет игіліктерді қалыптастыруда қоғам әлеуметтік танымның тереңдігіне мұқтаж. Абай айтқандай, ата-бабамыздың бүгінгі бізден артық екі мінезі болған. Ол кездегі қоғам тәжірибесі мол адамдардың ақыл-кеңесіне бағынды. Екіншіден, намысшыл болған. Олар өз заманының шындығына сол уақытпен шектелмей, тарихтың және болашақтың биігінен қараған. Тарихи жады күшті болды.
Соңғы уақытта елімізде қоғамдағы интеллигенцияның рөлін күшейту мәселесі қозғалуда. Негізгі міндет жаңа буын ішінен ұлт зиялыларын қалыптастыру болып отыр. Бұл бастама болашақ үшін қажет. Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Осы жолда ата-бабаларымыз түрлі қиындықты, азапты күндерді басынан өткізді. Қиналса да болашаққа сенді, жаңа уақытқа үлкен үмітен қарады. Өздері сол күнге жетпесе де, түбі Тәуелсіздікке ұрпақтың қол жеткізетіндігін білді. Сол уақытта кеңес билігі өкілдерінің әділетсіздігінің зардабынан (аштық пен сталиндік репрессияға ұшырап) еріксіз босқынға айналған халықтың ашаршылықтан аман қалғаны елге оралды. Намысшылдықтың арқасында олардың бойындағы елдің болашағына деген үміт сөнбеген. Біз мұны да ұмытпауымыз
керек. Ауызбіршілік қашан да қажет. Болашақ үшін еңбектену және керек. Біз бүгін осының барлығын ескеріп, қоғамға қызмет етсек, ертеңгі буын бұған құрметпен қарайды. Олар да ертең осы күннің тарихи мәнін зерделейді. Уақыт адам баласына бағынатын нәрсе емес. Ол тек бізден игі істерді талап етіп отырады. Сол себептен кез келген адамның қоғамына қызмет етудегі ерлігі оның болашағы үшін қажет. Кешегі Алаш зиялыларының тұлғасынан осыны да көреміз. Қашан да нағыз зиялы адамдарға, тарихи санаға деген сұраныс жоғары болған. Бүгін де солай. Бүгінгі күн — кісілік қасиеттер мен тұлғалық құндылықтарды біріктіріп, жоғарылатып отыратын уақыт. Сондықтан да еліміздің егемендігін сақтап, оның биіктету жолында үздіксіз қызмет жасасақ, біз бұдан да жарқын жолға түсеміз, дамимыз. Сөз соңында мен барша қазақстандықтарды ала келе жатқан ұлық мереке — Республика күнімен құттықтай отырып, барша жанға амандық, береке-бақыт тілеймін. Ел егемендігі жолында жұмыла еңбек етіп, Қазақстанның дамуына өз үлесімізді қосайық!
— Әңгімеңізге рақмет!