Қызылордада Республика күні қарсаңында бір мезетте 80 спорт-алаңы, 40 автобус, оқушылар үйі мен баабақша пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қызылорда облысында күні кеше тұрғындарға бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Сондай-ақ демеушілердің қолдауымен балалар спорт-алаңдары салынып, туған жерге жанашыр меценаттың қаржысы есебінен демалыс паркі, аллеялар ашылды.
Тұрғындар қуанышына тағы бір қуаныш қосылып, мерейлі мерекеде қоғамдық көліктер қатары жаңа 40 автобуспен толықты. Бұған дейін Қызылорда автобус паркіне «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы жаңадан лизингке 150 дана автобус алуға 1,43 млрд теңге қаржы бөлінген. Соның аясында өткен айда 21 жаңа автобус алынды. Ал, қараша айында қалған жаңа көліктер келетін болады.
Сонымен қатар, Нұрлыбек Нәлібаевтың бастауымен, демеушілердің қоштауымен Балалар жылының құрметіне 80 спорт-ойын алаңы бір мезетте тарту етілді.
Бұдан бөлек, 300 орындық жаңа балабақша есігін айқара ашты. Жыл соңына дейін тағы 2 мемлекеттік балабақша жұмысын бастамақ.
Ал Жалағаш ауданында құны 431 млн теңге болатын 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі, жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.
Бұл қала тұрғындары үшін жасалған ең ұтымды тарту болды дейді тұрғындар.
Мереке қарсаңында қаламызда бір емес бірнеше әлеуметтік нысандардың ашылғаны қуантады. Оның ішінде балалардың дамуына, білім алуына жасалып жатқан мүмкіндіктерді ерекше айтқым келеді. Қазір өңіріміздегі ауылдарда гүлдендіруде ауыл меценаттары белсенді жәрдем етуде. Осыған дейін Нағи Ілиясов ауылы – Қазақстан бойынша гүлденген ауыл статусын иеленген болатын. Осы жолды жалғап бүгінде әрбір азамат өз туған жерінің дамуына үлес қосып жатыр,- дейді қала тұрғыны Айдана Маратқызы.