Республика күні: Қазақстан жалғыз ұлттық мейрамын қалай атап өтіп жатыр

Республика күні: Қазақстан жалғыз ұлттық мейрамын қалай атап өтіп жатыр

Республика күні биыл елімізде үшінші рет тойланады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

25 қазан – Республика күні. 2022 жылы мерекелер тізіміне енген бұл дата – елдегі жалғыз ұлттық мейрам. Ұзақ жылдар бойы тойланбай келген атаулы күн биыл үшінші жыл қатарынан аталып өтіледі.

Республика күнінің тарихы

Республика күнінің тарихы сонау тоқсаныншы жылдардан басталады. 1990 жылы 25 қазанда "Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы" декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болатын.

Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Осы декларацияның арқасында ҚазКСР өз ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарын құру құқығына ие болды. Ал президент елдің басшысына айналды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Республика күні жыл сайын 25 қазанда аталып өте бастады. 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет "ұлттық мереке" болып жарияланды. Алайда 2001 жылы бұл мәртебеден айырылып, "мемлекеттік мереке" санатына өтті. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан мүлде алынып тасталды.

Осылайша он жылдан астам уақыт бойы 25 қазан – Республика күні тойланған жоқ.

Қайта оралған мейрам

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет басшысы оған "ұлттық мереке" мәртебесін беріп, Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту жайлы бастама көтерді.

Президенттің бастамасы халықтың қолдауына ие болып, дәл сол жылы заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сөйтіп 2022 жылы Қазақстан халқы ұзақ жылдар бойы атаусыз қалған Республика күнін алғаш рет дүркіретіп атап өтті.

Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтеміз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам, - деген еді Тоқаев.

Заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, Республика күні – елдегі жалғыз ұлттық мейрам. Республика сөзі латын тілінде "ортақ іс" деген мағынаны білдіреді.

Мемлекет басшысы бейбітшілік пен дамудың түп негізі отбасындағы тәрбиеден, көшедегі тазалықтан, қоғамдағы бірліктен бастау алатынына назар аударып, неліктен Заң мен Тәртіп үстемдігі туралы ұдайы айтатынын түсіндірді.

“Бір-бірімізге тілектес болып, құрметпен қарайық”

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 23 қараша күні Республика күніне орай өткен салтанатты жиында сөз сөйледі. Президент жиында қазақстандықтарды ұлтымыздың ең ұлық мерекесімен құттықтап, бұл азаттықтың алтын қазығын қаққан күн екенін атап өтті. Президент еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданған күнді қасиетті Тәуелсіздігіміздің бастауына балады.

Президент Ақордада Республика күніне орай өткен жиында бір-бірімізді қолдап, биік мақсаттарға ұмтылатын бірлігі мықты ел болсақ, көк паспортымыз да мықты әрі қуатты болатынын айтты.

Бір-бірімізге тілектес болайық, өзара құрметпен қарайық, қадірлейік. Кез келген қиындыққа қарсы тұрып, ел үшін, жер үшін бірге еңбек етейік. Халқы – біртұтас, болашағы – жарқын Әділетті Қазақстанды бірге құрайық. Азаматтарымыз барлық салада әрдайым әділдік болғанын қалайды. Ол үшін әркім әділдікті, ең алдымен, өзінен бастауы керек. Сонда қоғам да, бүкіл мемлекеттік жүйе де әділ болмақ. Еліміздің ең басты мерекесі – Республика күнінде біз Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегін атап өтуге тиіспіз. Оның қазіргі Қазақ мемлекетін құру ісінде шешуші тарихи рөл атқарғанын міндетті түрде айтуымыз қажет. Ел үшін жасалған қызмет ешқашан ұмытылмауы керек, ел жадында сақталуға тиіс. Бұл – еліміздің болашағы үшін өте маңызды. “Жақсының жақсылығын айт” деген халқымыз. Бүгінгі тарихқа әділ баға берілуі үшін кешегі тарих әділ бағалануға тиіс, - деді Мемлекет басшысы.

Республика күні демалыс

Қазақстанда ұлттық және мемлекеттік мереке күндері ресми түрде демалыс жарияланады. Егер мемлекеттік немесе ұлттық мереке демалыс күніне (сенбі, жексенбі) түссе, демалыс күндері бір күнге ұзартылады.

2024 жылы Республика күні жұма күніне түсіп тұр. Демек 25 қазан күні қазақстандықтар демалады. Осылайша отандастарымыз үш күн қатарынан демалысқа шығады.

Республика күні қалай тойланып жатыр

Ұлттық мереке қарсаңында Президент жарлығымен елдің дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан, белсенді қоғамдық қызметімен танымал азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталып жатыр

Сондай-ақ мемлекеттік органдарда Республика күніне орай ресми мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр.

Оған қоса концерттік бағдарламалар, фестивальдер, флешмобтар ұйымдастырылады.

Астанада отшашу болады

Астанада Республика күніне демеушілердің қаражаты есебінен мерекелік отшашу ұйымдастырылады. Отшашу 25 қазан күні сағат 21:00-де Триатлон саябағында (Пирс ауданы) өтеді.

Айта кетейік, осы айтулы күннің құрметіне Астанада 100-ден астам мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шаралар, соның ішінде мерекелік концерттер, көрмелер, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлері бойынша турнирлер және басқа да көптеген іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Іс-шаралар орталық алаңдар мен ірі нысандарда, сондай-ақ тұрғын алаптардың аумақтарында, білім беру ұйымдарында және т.б. орындарда өтеді.

Бөлісу: