Қазақстан географиялық жағдайына орай, заңсыз көші-қонның трансұлттық арналар санатында. Бұл туралы Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі таңда елімізде ресми мәлімет бойынша 300 мыңға жуық еңбек иммигранттары бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігінің дерегі бойынша қазір тек 13,2 мың шетел азаматы ресми түрде жұмыс істейді. Ал, Бас прокуратура мәліметі бойынша тек биылдың өзінде 82,2 мың шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал, 965 шетелдік -қылмыс жасаған. Сонымен қатар, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін 1,2 мың жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Еңбек мигранттарының дерлігінде жұмысқа шақыру рұқсат қағазы жоқ. Сондай-ақ, Бас прокуратура дерегі бойынша, Жамбыл облысында шекараны заңсыз кесіп өткен 20 пәкістандық ұсталса, Қарағанды облысында жалған еңбек шартын, медициналық анықтамаларды жасап, заңсыз есепке қойған халыққа қызмет көрсету орталықтары мен емдеу мекемелерінің қызметкерлері тұратын қылмыстық топ әшкереленген, - дейді Сенатор.
Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, прокурорлар жалған мекенжайлар мен "резеңке" пәтерлерде тіркелген 22 мың шетелдікті анықтаған. Астанадағы тек бір ғана отбасы тұрған пәтерге 937 шетелдік тіркелсе, Алматы облысында осындай 13 мың факті тіркелген.
Мұндай тексерулер Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстардың әр аудан-ауыл жіті жүргізілсе, бұл көрсеткіштер еселеп өсуі әбден мүмкін. Халықаралық миграция Ұйымы есебінше, жыл сайын Қазақстанға 3 млн 700-ден аса шетел азаматтары әртүрлі себептермен келеді, олардың қаншасы Қазақстанда қалып, қаншасы кетіп жатқанын ешкім нақты айта алмайды. Заңды және заңсыз мигранттардың Алматы, Астана, Шымкент және Маңғыстау облыстарында жинақталуы әлеуметтік-экономикалық ғана емес, қауіпсіздік мәселелерінің туындауына әкелуі мүмкін, - деді ол.
Сенатор көші-қонды елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына ықпал ететіндей бағыттау керегін айтады.
Елімізде бүгінге дейін арнайы қабылданған Тұжырымдамаға сәйкес, көп шаралар қолға алынды. Бірқатар заң қабылданды. Дегенмен, әшкереленген және әзірге анықталмаған әкімшілік және қылмыстық фактілер әлі де бұл бағыттағы жұмыстардың жеткіліксіз екенін көрсетеді. Ведомствоаралық, шекара қызметі, хұқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы билік арасында бірлесе жүйелі толыққанды жұмыстың жоқтығын да айғақтайды, - деді Жексенбай.
Осы орайда сенатор ұсыныстарын айтты:
Біріншіден, Еуропа елдеріндегідей біліктілігі жоқ жұмыс күшін әкелуге тыйым болмаса да, шектеуді күшейту. Көлеңкелі еңбек нарығын реттеудің жаңа легализациялау тәсілдерін ойластыру. Заңсыз келген мигранттың белгілі бір көлемде айыппұл төлеп, заңды жұмысқа тұру мүмкіндігін қарастыру.
Екіншіден, заңсыз миграцияның алдын алу үшін шекара бекеттерін күшейтіп, жоғары технологиялы құрал-жабыдықтармен қамтамасыз ету, дактилоскопия, көз қарашығын сканерлеу арқылы мигранттардың цифрлық профилін, ел ішінде қозғалысы мен геолокациясы, сондай-ақ олардың кету күні, орны және бағыты туралы хабарлама алып тұру, ақпараттық деректер базасын құруды қарастыру;
Үшіншіден, заңсыз көші-қон мен адам саудасын ұйымдастырушыларға, жалған құжат жасаушыларға барынша қатаң жазалар қарастыру;
Төртіншіден, ықтиярхат алу мақсатында шетелдіктермен қиылған жалған некелердің алдын алу үшін шетелдіктермен неке қию мен ажырасу фактілерін неғұрлым жіті тексеру;
Бесіншіден, Көші-қон процестерін автоматтандыру жөніндегі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін дамыту, қолда бар жүйелерді интеграциялауды қарастыру.
Алтыншыдан, мигранттарға ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жеткіліксіз болуы олардың қылмыстық топ құрбаны болып ғана қоймай, сонымен қатар көші-қон қызметкерлерінің жұмысын айтарлықтай қиындатады. Осы бағытта үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, жүйелі жұмысты қолға алу.