Дін мәселесін қозғаған кезде қоғамның поляризациясына жол бермеуіміз керек. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осылай деп мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттар тарапынан ресми өтініштер түсті. Дін саясаты саласындағы жұмыстарды үйлестіретін мемлекеттік орган ретінде біз оларды қарауға міндеттіміз. Әрине, бұл тұрғыда біз діни бірлестіктердің қызметіне қатысты барлық заңнамалық нормаларды зерттеп жатырмыз. Бұл жерде біз қоғаммен диалогтың маңызды екенін түсінуіміз керек, қоғамды поляризацияламау маңызды, қоғамда болып жатқан проблемалық мәселелерге жіті қарау маңызды, - деді Балаева Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінен кейін.
БАҚ өкілі министрге «заңды қашан күшіне енеді» деп сұрады. Ол ең алдымен, кең көлемде қоғамдық талқылау болатынын айтты.
Басында айтқанымдай, ең алдымен сарапшылармен, сол мәселені қозғаған депутаттармен талқылау болады. Біз халықтың келісімінсіз ешқандай шара қолдана алмаймыз. Әрине, нақты ресми өтініштер бар болғандықтан, бұл істі бастаймыз, - деді Балаева.
Еске сала кетсек, осы айдың басында Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи жат ағымдардың қазақ қоғамына қауіп төндіруі мүмкін екенін айтқан еді.
Кейін 5 қазанда өткен мұғалімдердің республикалық съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектептердегі дін мәселесіне тоқтала отырып, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін, білім беруде бұл қағиданы қатаң сақтау керегін айтты. ОКҚ-да өткен брифингте Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде қоғамдық орындарда кейбір діни киімдерге тыйым салынуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Осы мәселеде байланысты бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова діни бірлестіктердің қызметін реттеу қажет деді.